Олимпиада ойындары өтіп жатқан Токиоға тайфун жақындап келеді

Олимпиада ойындары өтіп жатқан Жапония астанасы Токиоға «Непартак» тайфуны жақындап келеді.

Соның салдарынан қатты жауын жауып, биік толқындар болуы мүмкін, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл туралы жексенбі күні елдің ұлттық метеорологиялық басқармасы хабарлады.

Болжам бойынша, дүйсенбіден сейсенбіге қараған күні Хонсюдің шығысында, соның ішінде Токиода 100-ден 155 мм-ге дейін жауын жауады. Бұл ауданда толқынның биіктігі 6-дан 8 метрге дейін көтерілуі мүмкін.

Қазір жойқын дауыл астанадан оңтүстікке қарай орналасқан Огасавара аралдарында соғып тұр. Орталық бөлігіндегі желдің екпіні 20 м/с-ге дейін жеткен. Хонсюге жақындағанда желдің күші артып, 35 м/с-ге дейін жетуі мүмкін.

Бұған дейін Токио олимпиадасының ұйымдастыру комитеті табиғаттың тосын мінезіне байланысты жарыстар кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін хабарлаған, қазірдің өзінде 26 шілдедегі іс-шаралардың бір бөлігі басқа күндерге ауыстырылды.