Лондонның ондаған көшесі су астында қалды

Лондонда толассыз құйған нөсер ондаған көшені басып, көлік қозғалысына кедергі келтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаяу жүргіншілердің де жүріс-тұрысы қиындады. Олар бағандарға жармасып әлек. Құтқарушыларға бірнеше сағаттың ішінде үйді, астыңғы бөлігі мен көшені су басты деген 300-ге жуық телефон қоңырауы түскен. Англияның оңтүстік-шығысының көптеген бөлігінде дабыл қағылды. Синоптиктер жауын-шашын әлі толастамайтынын ескертіп, тұрғындарды жолға шықпауға шақыруда.

Ақ жауын Бельгия тұрғындарын да әуреге салды. Елдің оңтүстігіндегі Динан қаласында лай көшкіні ондаған көлікті шайып әкеткен. Сондай-ақ өтетін жолдары жабылып қалған пойыздар да жүре алмай қалды. Бұдан басқа, табиғи апат тротуарларды бұзып, бірнеше ғимаратты қиратты. Құрбандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Испанияның Каталония аймағында ормандағы өрт ие бермей тұр. Құтқарушылардың мәліметі бойынша от 1300-ден астам жерді шарпыған. Тілсіз жаумен күреске 400-ден аса өрт сөндіруші тартылған. Оларға әуеден 18 тікұшақ көмектесіп жүр. Италияның Сардиния аралында да жер өртеніп жатыр. Табиғи апат аумағынан 4000-ға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.