Грузияда қайтадан локдаун енгізілуі мүмкін

Грузияда эпидахуал нашарлағандықтан қайтадан локдаун енгізілуі мүмкін.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, үкімет те, іскер қауым да бұған дайын емес. Ал туризм саласының өкілдері елге келетін қонақтар азаяды деп қамығып отыр. 

Туристік маусым қызып тұрған кезде Грузия қайта «қызыл аймаққа» енді. Елде індеттің төртінші толқыны басталып кетті. Күн сайын 2 мыңнан аса науқас анықталады. Жалпы қазір Грузияда 23 жарым мың адам коронавирус дертіне шалдыққан. Оның 20 процентінен астамы ауруханада жатыр. Клиникаларда бос орын қалған жоқ. 

Амиран Гамкрелидзе, Грузия ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық орталығының жетекшісі:

- Қаңтар айында ауруды жұқтыру азайған болатын. Ақпан мен наурыз айлары да тәуір өтті. Бірақ сәуірдің екінші жартысынан бері науқастар саны өсе бастады. Мамыр ортасында үшінші толқын шыңына жетті. Осыдан кейін 25 маусымға дейін жағдай жақсарып, кейін эпидахуал қайта ушықты. Қазір күніне 2 мың науқас анықталып жүр. Оның 10-12% балалар. Мұны тоқтатуға тиіспіз.  

Шетелдік эпидемиологтар вируспен өмір сүруге бейімделуге кеңес беріп отыр. Ал Грузия үкіметі тағы бір локдаун ел экономикасын күйрететінін анық біледі. Өйткені бюджетте әлеуметтік төлемдер мен бизнесті қолдауға қаражат қалмаған. Былтырғы жыл экономикаға ауыр тиіп, мейрамханалардың 40% жабылған болатын. 

Шота Бурджанадзе, рестораторлар қауымдастығының төрағасы:

- Қазіргі кезде локдаун енгізу мүмкін емес. Бұл менің ғана пікірім емес, үкімет те бұған бара алмайды. Локдаун тым қымбатқа түседі. Жалғыз амалымыз бар – бұл қазіргі шектеулерді орындау және жаппай вакциналау. Тек екпе салдыру елімізді жаңа локдауннан сақтап қалады. 

Вакцина жетіспегендіктен елде  жаппай екпе егу енді ғана басталды. Келесі аптаның соңынан бастап, 37 медициналық мекемеде алдын ала жазылмай, вакцина алуға болады. Сондай-ақ Грузияда үш айдан артық тұрып жатқан шетелдіктер те екпе салдыра алады. 

Юлия Тужилкина