Берлинде жасыл технологиямен жасақталған фитнес-орталық ашылды

Берлинде жасыл технологиямен жасақталған ерекше фитнес-студия ашылды.

5 мың шаршы метр ауданды алып жатқан кешен, жасыл желекпен көмкерілген. Ал едені мен қабырғаларын тұрғызуға ескі дөңгелектер қолданылыпты. Тұрғындар бұл залда жаттығумен қатар, электр қуатын да өндіреді. 

Әлемдегі тұңғыш фитнес-студия 1965 жылы АҚШ-та ашылған болатын. Оған белгілі актер Арнольд Шварцнеггер үнемі жаттығуға келетіндіктен танымал болып кетті. Берлиндегі жаттықтыру кешенінің иелері де өз залын ерекше еткісі келді. Инновациялық технологиялар қолданып, экологиялық тазалыққа мән берді. Мәселен, студия ортасында он метрлік інжір ағаштары өсіп тұр. Ал едені автокөліктердің ескі дөңгелектерінен жасалған. Қабырғалары да ерекше. Пластик шөлмектер, бақтарға арналған көне жиһаз және мониторлардың сынықтарынан істелген тақталармен қапталған. 

 Олаф Шульц, фитнес-студияның басқарушысы:

Ағаштар ауаны тазартып, оттегі шығарады. Тұтынушыларымыз бұған өте риза. Тағы бір инновациямыз тақталар  қоқыстан жасалған. Оны құрылыстан алып, сығымдап, осындай түрде шықты. Бүкіл студиядағы еден резеңке дөңгелектерден істелген. 

Тағы бір ерекшелігі – ақылды велотренажерлер. Берлин қаласының тұрғындары бұл залда жаттығумен қатар, электр қуатын да өндіреді. 

Филипп, Берлин қаласының тұрғыны:

Электр қуатын шығару жақсы ой. Өйткені пайда келтіріп, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қоса аламыз.

Оған қоса қуатты «гүл» түрінде жасалған айрықша бір құрылғы да өндіреді. Оның жапырақтары Күн батареяларымен қапталған. 

Олаф Шульц, фитнес-студияның басқарушысы:

 – Гүл үнемі Күн сәулесіне қарай бұрылып тұрады. Ал күн батқанда,  гүл түйнегі секілді жабылады. Алынған энергия ноутбуктың үш жыл бойы жұмыс істеуіне жеткілікті.

Бұл фитнес орталыққа абонемент өзгелерден сәл қымбат тұрады. Бірақ оған тегін де кіруге болады. Жасыл жексенбі деп аталған күні кез-келген адам тренажер тебе алады. Сол күні өнідірілген электр қуаты кешке студияны жарықтандыруға жұмсалады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский