Тбилисиде дәстүрлі ірімшіктер фестивалі өтті

Бұл аталған сүт өнімін жегенді жақсы көретіндер үшін ғана емес, сондай-ақ ұмытылған ұлттық ірімшік жасау ісін жаңғыртушылар үшін де маңызды оқиға. Сондықтан коронавирусқа қарамастан Грузия астанасына елдің түкпір-түкпірінен ондаған шаруа өз өнімін әкелді. 

Грузияда алғашқы ірімшік 8 мың жыл бұрын жасалған. Қазір сиырдың, ешкінің, қойдың сүтінен жасалған өнімнің 60-қа тарта түрі өндіріледі. Ең танымалы - сулугуни және имерули деп аталады. Анна Микадзе ұмытылған ірімшіктерді қайта жасап шығару үшін тіпті үйін де сатқан.

Анна Микадзе-Чекваидзе, Грузияның ірімшік жасаушылар қауымдастығының төрайымы:

– Адамдарды біріктіретін, өнімін бөлісетін, ортақ келісімдер жасалатын осындай тамаша фестивальді әлемнен іздеп-табу қиын шығар. Мұнда дәмхана, шарапхана, мейрамхана, дүкендердің өкілдері, қарапайым тұтынушылар келеді. Олар ірімшіктің дәмін көреді, сатып алу бойынша келіседі.

Бұрын бұл фестивальге 300-ге дейін кәсіпкер жиналатын. Биыл індетке байланысты өндірушілер саны аздау. Арасында ірімшік жасаудың өзіндік құпия рецептін атадан мирас етіп алғандар да бар.

Галина Инасаридзе, фестивальге қатысушы:

Мынау бірегей ірімшік, төлтума. Мұндай өнімді әлемнің ешбір жерінен кездестіре алмайсыз. Оны тек АхалцИхе ауданындағы 6 ауылда жасайды. Дәмі ерекше. Бұрын тек өз отбасым үшін дайындайтынмын.

Ірімшіктер фестивалі мерекеге бергісіз. Туристер де жетіп-артылады.

–  Грузияға жылда келеміз. Ірімшіктер фестивалі туралы кездейсоқ білдік. Биыл бірінші рет келіп тұрмыз. Керемет өтіп жатыр!

Ірімшіктің сан алуан түрі бар екен. Тархуннан, шөптен, шараппен жасалғанын көрдік.

Ұйымдастырушылар ірімшіктің нағыз дәмін тату үшін фестивальге ашқарын келу керек дейді. Бұл іс-шара 2010 жылдан бері өтіп келеді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина