«Непартак» тайфуны Олимпиада жоспарына өзгеріс енгізіп жатыр

Олимпиада ойындарына коронавирустан басқа да қауіп төнді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жапонияға тропикалық дауыл таяп келеді. Қауіп күшейгендіктен бүгін бірнеше жарыс кейінге қалды.

Жапонияға жақындап қалған «Непартак» тайфуны Олимпиада жоспарына өзгеріс енгізіп жатыр. Күн райының қолайсыздығынан кейбір жарыс түрлері кейінге қалды. Мәселен, серфингтен шешуші сындар тоқтатылды. Садақ ату да басқа күні өтетін болды.

Нобуюки Цучия, метеоролог:

- Олимпиада ойындарының кестесі өте тығыз екенін түсінемін. Дегенмен, спортшылар өздерінің үздік нәтижелерін көрсетуі үшін шара ұйымдастырушылары қауіп төнген жағдайда жарысты тоқтатады деген үміттемін.

Жалпы Жапония үшін табиат апаттары таңсық емес. 2019 жылы «Хагибис» тайфуны кесірінен әлем кубогының бірнеше кездесуі тоқтап, 1 миллионнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген еді. Ал бұл жолы жергілікті билік тас-түйін дайын отыр. Төтенше жағдай орнаса, арнайы құтқарушылар жасағы жұмылдырылмақ. 

Жергілікті тұрғын:

- Тайфунға байланысты қатты алаңдадым. Қуанарлығы, ол Олимпиада нысандарына жете қойған жоқ. Соған қарамастан, шара ұйымдастырушылары жарысты кейінге қалдырып, дұрыс шешім қабылдады. Десе де, елдің солтүстігіндегі азаматтарға қиын соғайын деп тұр.

Спорт жарыстарына коронавирус та қолбайлау болып тұр. Кеше Токиода бір күн ішінде 3 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Олардың арасында 7 Олимпиадаға қатысушы бар. Екеуі Нидерланд спортшысы. Осылайша, дода кезінде дертке шалдыққандар саны 150-ден асып отыр.

Карантиннен туған тағы бір қиындық – логистика мәселесі. Сақтық шараларына байланысты Токиоға келген спортшылар тек арнайы автобустармен қатынауы керек. Және бір көліктегі адам саны 20-дан аспауға тиіс. Бірақ адамның көптігінен көліктер спортшыларды тасып үлгермей жатыр.

Автобустың уақытылы келмеген соң олимпиадашылар жаттығу залдарына кешігіп жететін жайттар аз емес.