Чехияда вакцина алған үйсіздер өздеріне деген қамқорды сезінді

Чехияда індеттің беті қайтып, науқастар саны азая бастады. Енді елде баспанасыздарды вакциналау бағдарламасы жүзеге асуда. Ұзақ уақыт көшені кезгендер вирусты тарататын топ саналып келген. Белсенділер Прагада осы кісілерге арналған жылжымалы вакциналау пунктін ашты. Ал бүгіннен бастап дәрігерлер үйсіздер тұратын баспаналарды аралап, вакцина еге бастады. 

Прагадағы қоғамдық ұйым үйсіздерді індеттен сақтау бағдарламасын қолға алды. Жаз басында қоғам белсенділері баспанасыздар арасында өлім-жітім көрсеткішін зерттемек болған еді. Алайда нақты санын ешкім білмейтін болып шықты. Бейресми мәлімет бойынша қыста ковидтен үш жүздей баспанасызң көз жұмған. Иммунитеті нашар, дұрыс тамақтанбайтын әрі гигиенаны сақтауға мүмкіндігі жоқ бұл адамдарда ауру жиі асқынып кетеді. Волонтерлерден құрылған топтар кезбелер тұратын арнайы лагерлерьге барып, оларға көмек көрсетіп жатыр. 

Марат Кшиштафович, баспанасыз:

- Көптен бері вакцина алғым келетін. Алайда медициналық сақтандыру полисім жоқ әрі мен сияқты жандардың тағдыры аса көп ешкімді толғандырмайтын. Осыдан екі ай бұрын үйсіздерге де көмек берілетіні туралы хабар тарады. Анық-қанығын сұрастыра осы лагерьге келдім. Міне бүгін маған вакцина екті.

Алғашында үйсіз жандарды вакциналау бағдарламасы бойынша тек жылжымалы пункт жұмыс істеген. Ол кезбелер жиі жиналатын көпір астында орналасқан болса да екпе салдыруға аса ешкім асықпаған. Ал қазір ұзын кезек. Екі аптада бұл бастама ауқымды шараға айналып, оған бірнеше волонтерлік ұйым қатысып жатыр. Прага билігі мен денсаулық сақтау министрлігі де қолдау көрсетіп келеді. 

Ева Половичка, волонтёр:

- Чехияда халық ешқашан тапқа бөлінбейді. Алайда үйсіздердің өзі ауруханаға барып, вакцина сұраудан жасқанады. Көбі түр әлпетінен ұялады, көбінде құжат жоқ. Ал енді кішкене болса да қамқорлық сезініп, өзін өзгелермен тең санай бастайды. Бұл жаңа өмір бастауына түрткі болады.  

Десе де, бұл әлі де пилоттық жоба. Енді Прага билігі түзетулер енгізіп, қалалық бастама дәрежесін бермек. Сонымен қатар ресми түрде өзге өңірлерге де енгізу көзделіп отыр.

Александр Грэс, Павел Невид

Сондай-ақ...