Чехия биологиялық жолмен ыдырайтын материал ойлап тапты

Чехия пластик ыдыстарды ауыстыратын биоыдырағыш материал ойлап тапты. Жаңа өнімнен пластмасса пышақ, қасық, шанышқы сынды заттар жасап шығаруға болады. Чехтардың жаңалығы Еуроодақ аумағында бір мәрте қолданылатын пластик ыдыстарды сатуға тыйым салумен тұспа-тұс келіп, тың бастамаға қызығушылық артқан.

Осыдан 2 жыл бұрын Еуроодақ пластик ыдыстарды экологияға орасан зор нұқсан келтіретін үлкен қатер деп бағалаған. Ал Чехия Одақтағы ең көп ластанған мемлекеттің бірі. Қоқыс алаңдарының шамадан тыс толуы елдің климаты мен табиғатына кері әсер ете бастаған. Дегенмен чехтар пластик ыдыс мәселесін бірінші болып шешейін деп тұр.

Григорий Яворски, эколог:

- Чехия жыл сайын миллиондаған тонна пластик ыдыс лақтырады. Қазір елде барлық дәмханалар мен фаст-фудтар осындай құралдарды пайдаланады. Оған туристік нысандар мен спорттық стадиондарды қосыңыз. Салдарынан қоқыс алаңдарында пластмасса қалдықтар көбейіп, өңделмей жағылады. Одан ауаға улы заттар тарап, халық көп зардап шегуде. 

Мәселені шешу үшін бір топ маман тұтынушылармен бірге табиғатты қорғаушыларды да көңілінен шығатын материалды іздеуге кіріседі. Түрлі заттың қосындысы жүздеген мәрте сыналып, көптеген тәжірибе жүргізіледі. Нәтижесінде 60 процент ағаш жаңқаларынан тұратын биоыдырағыш материал ойлап табады.

Филип Бартолах, стартаптың аға менеджері:

- Біздің материалымыздың ерекшелігі оны дайындау тәсілінде. Біз арнайы диірменмен ағаш ұнтақтарын полимермен және өзге де минералдармен араластырамыз. Бұл істе белгілі температураны сақтау өте маңызды.

Тың материалдан жасалған өнім құны дәстүрлі пластик ыдыстардан 1 жарым есе арзан. Және оны 3 ай қолдануға болады. Қазір Еуропаның бірнеше ірі компаниясы жобаға қызығушылық танытып, оны қолдауға дайын екенін айтып отыр. 

Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид