Германияда халықтың жартысы вакциналанды

Еуропадағы халқы ең көп ел – Германия тұрғындарының тең жартысы толық вакцина алды.

Бұл елде 84 миллион адам тұрады. Жаппай вакциналау науқаны маусым айында басталған. Ересек адамдармен қатар 12 жастан асқан жасөсіпірімдерге де екпе салынып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл қарқын сақталса, қазан айының соңында елде ұжымдық иммунитет қалыптасуға тиіс. Мамандар күзде індеттің төртінші толқыны басталуы мүмкін дейді. Солай бола тұра Германияда ауру жұқтырып жатқандар көп. Соңғы бір тәулікте 2700 науқас тіркелді. 84%-інде дельта штамы анықталды. Осы жағдайға алаңдаған саясаткерлер халықты вакцина салдыруға шақырып отыр. Қазір Берлин мен өзге ірі қалаларда кез-келген адам тегін екпе салдыра алатын жылжымалы стансалар ашылып жатыр.

Әмір, студент

Вакцина салдыру өте маңызды деп ойлаймын. Жаппай вакцина алғанда ғана қалыпты тіршілігімізге орала аламыз. Екпе алғандардың еркін болатыны мен үшін маңызды. Мысалы, саяхаттай алады. Ең бастысы – вакцина ауру жұқтыру қаупін азайтады.

Ребекка, Берлин қаласының тұрғыны:

– Екпе алуымыз керек деп санаймын, өйткені әрі қарай вирус қалай әсер ететінін білмейміз. Алайда екпе салдыра ма, жоқ па, әрбір адам өзі шешуі керек. Әрине бәріміз пандемияның аяқталғанын күтіп отырмыз. Бірақ алда күз түседі, не болатынын болжау қиын. Маска тағудан жалығып кеттім, халықтың көбі вакциналанғанда, бетперде тақпаймыз деп үміттенемін.