Коронавирус құрбандарының 99%-і екпе салдырмағандар болып шықты

Италияда коронавирустан көз жұмғандардың 99 проценті вакцина қабылдамаған немесе қажетті екі дозаның тек біреуін ғана салдырған болып шықты.

Елде екпе салу науқаны жарты жыл бұрын басталды. Сол уақыттан бері 36 мыңға жуық адам індеттен қайтыс болған. Соның 1,2 проценті ғана вакцина қабылдаған азаматтар болып шықты. Марқұмдардың көбі – қарт кісілер. Мамандар оларда коронавирустан бөлек қосымша тағы басқа аурулары болғанын айтады.

Жалпы соңғы дерек бойынша Италияда халықтың жартысынан астамы екпенің екі компонентін де алған екен. Жуырда билік қоғамдық орындарға кіру үшін вакциналау сертификаты қажет болатынын айтқан. Осы мәлімдемеден кейін екпе салдыруға ниет білдіргендер қатары күрт артты.

Рози Де Филиппис, Милан тұрғыны:

– Алғашында екпе қабылдағым келген жоқ. Алайда қыздарым мұның қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп, ақыры көндірді. Оның үстіне жақында вакциналау міндетті болуы мүмкін. Сондықтан уақытты созбай, екпе салдыруды жөн көрдім.