ҚР СІМ: Түркиядағы өрттен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ

Түркияда шетелдік саяхатшылар көптеп баратын Анталия провинциясында орман өрті әлі лаулап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше басталған жалынның аумағы өткен түнде 4 есе ұлғайып, 2 мың гектар жерге жайылып үлгерген. Өрт Манавгат қаласына жетіп, 50-ден астам адам зардап шекті. Осы апатқа байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі жарақат алғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады. Қазақстан туристік операторлары қауымдастығының президенті Инна Рейдің айтуынша, бүгінде Анталияда еліміздің 11 325 азаматы демалып жүр. Олар турагенттіктер арқылы жолдама алған туристер.

Апат айтып келмейді. Түркияның Анталия провинциясында орман өрті аяқ астынан шығып, желден Манавгат курорттық қаласының шетіне лезде жетті. Лаулаған жалын біраз үй мен ғимаратты қас қағым сәтте күлге айналдырды. Табиғат апатынан 50-ден астам адам жапа шеккен. Қаза тапқандар туралы ақпар жоқ. Қала билігі өрт қауіпі төнген 4 ауданның тұрғындарын шұғыл эвакуациялады.

Қазір тілсіз жаумен 400-ден астам өрт сөндіруші күресіп жатыр. Тіпті бұл жұмысқа тікұшақ пен ұшақтар тартылды. Жалынды сөндіруге көрші аймақтардан да көмек жеткен. Мамандар өрттің Анталия - Алания тас жолының бойында орналасқан жанармай бекеттеріне жетпеуі үшін мейлінше әрекет жасаған. Жергілікті билік өрт туристік нысандарға еш қауіп төндіріп тұрмағанын айтады. Қазіргі таңда бұл аймақта барлық туристік экскурсия тоқтатылды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Біз қазір көп жерге тарап үлгерген орман өртін тез бақылауға алып, сөндіреміз деп үміттенеміз. Оттың неден, қалай шыққанын тексереміз. Жапа шеккен тұрғындарға қолдан келген көмектің бәрі көрсетіледі.

Өрттің себептері әлі белгісіз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Өрт аптап ыстықтан шыққан болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені аймақта сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілген.

Авторы: Дәурен Ақашұлы