АҚШ-та көшедегі зорлық-зомбылықпен күресудің ерекше тәсілі қолға алынды

Қала әкімдігімен бірге қылмыс әлемінің бұрынғы серкелері Нью-Йорктың қауіпті аудандарына барып қылмысқа тосқауыл қоюмен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Көшедегі тәртіпті көшені көргендер ғана қадағалай алады» деген ұғымды ұстанатын олар АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Талғат Алмановпен кездесіп, қауіпті жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті.

Талғат Алманов, тілші:

- Бұл – Стейтен Айленд. Нью-Йорктың ең танымал жерлерінің бірі. Ауданның басым бөлігі тыныш көрінгенімен, кейбір көшелері зәре-құтыңызды қашырады. Өйткені онда есірткі сату, адам тонау немесе кісі өлтіру фактілері күнделікті тіркеледі. Бір қызығы, бұл ауданның тағы бір ерекшелігі бар: көшедегі тыныштықты әдеттегідей полиция қызметкерлері ғана емес, бұрынғы қылмыстық топтың мүшелері де қадағалайды.

Зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымның мүшесі (аты-жөні жазылмайды):

- Бұл ауданда мені барлығы жақсы таниды. Ондай танымалдылыққа қылмыс әлемінде жүріп жеттім деуге болады. Алайда қазір мен толықтай өзгеріп, тура жолға түстім. Менің ендігі мақсатым қылмыспен күресу. Өзім жасаған қателіктерді жастардың жасағанын қаламаймын.

Бұрынғы гангстерлерден құралған бұл ұйымның жұмысы қарапайым: аудан аумағында қандайда бір жанжал бола қалса, оқиға орнына жетіп барып екі тарапты татуластырады. Осылайша жағдайды ушықтырмай, қылмыстың алдын-алады. Осы орайда экс-гангстерлердің еріктілер қатарына қосылуы да тегін емес дейді ұйым басшысы. Айтуынша көшедегі жастар полиция офицерлерінен көрі, ұйым мүшелерінің сөзіне көбірек құлақ асады.

Майк Перри, зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымның басшысы:

- Біздің мақсатымыз – Нью-Йорк полициясы сияқты адамдарды абақтыға жабу емес, оларды татуластыру және ең бастысы – қылмыс жасаудың дұрыс емес екенін түсіндіру. Жастайынан гангстер болуды абырой көретіндер әлі де бар. Солармен түсіндіру жұмыстарын істейміз. Өйткені біз де сол жолда болдық және оның арты немен бітетінін жақсы білеміз.

Арнамыздың түсірілім тобы келгенге дейін жергілікті түнгі клубтардың бірінде кезекті жанжал орын алыпты. Сөзге келген бір топ жас пышақ қаруын қолданбақ болған екен. Алайда куәгерлердің бірі дер кезінде оқиғаны көре салып полицияға емес, осы ұйымның мүшелеріне хабарласқан.

Зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымның мүшесі (аты-жөні жазылмайды):

- Кешегі түнгі клубта болған жанжал болмашы нәрсе үшін туындады. Оқиға орнына барып, екі тараппен де сөйлестім. Олар біраз уақыттан кейін сабасына түсіп, бір-бірінен кешірім сұрады. Мұндай оқиғалар күнделікті болып жатады. Кетер алдында «жастық шақты түнгі клубта емес, өздеріңе пайдалы нәрсеге жұмсаңдар» деп насихат айтып кеттім. Мен өзім темір тордың ар жағында болдым және гангстерлік өмірдің анау айтқандай қызық емес екендігін білемін. Ерте ме кеш пе бәрібір түрмеге түсіп тынасың.

Пандемия уақытындағы локдаунға қарамастан АҚШ-тың бірнеше мегаполисінде қылмыстың саны артып келеді. Бір ғана Нью-Йорктің өзінде кісі өлтіру мен қарулы қақтығыстардың өсу салдарынан төтенше жағдай жарияланып, штат губернаторы полиция департаментіне қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Алайда Стентен Айлендтағы еріктілер тобы көшедегі қылмысты тоқтату қаржыға келіп тірелмейді. Одан да өскелең ұрпаққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастайынан дұрыс тәрбие беру керек деп санайды.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров