425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Коронавирус пен Олимпиада арасында қандай байланыс бар?

  • 165
  • UPD: 22:54, 29.07.2021

Әлемге үрей салып тұрған тағы бір тажал коронавирус. Олимпиада өтіп жатқан Жапонияда кешелі бері 10 мыңнан аса адам дерт жұқтырған. Токионың өз басында да жағдай алаңдарлық. Бұған дүбірлі додамен қатысы бар ма? Мамандар не дейді? 

Осы аптада Жапонияда бірнеше рет тәуліктік өсім бойынша антирекорд тіркелді. Соңғы тәулікте тіптен деректер саны 10 мыңнан асып кетті. Токиода да осымен үшінші күн қатарынан антирекорд. Эпидемиологиялық ахуал Олимпиада мен оған келген шетелдіктер кесірінен ушығып кетті деген әңгімелер айтыла бастады.

Алайда мамандардың түсіндіруінше, бәріне дельта штамы себеп. Бұл мутация қазір Жапонияда ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де тез тарап барады. Бұған қатысты Халықаралық Олимпиада комитетінің өкілдері түсініктеме берді.    

Марк Адамс, Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми өкілі:

- Жапониядағы эпидемиологиялық ахуал Олимпиада ойындары кесірінен нашарлап кетті деуге еш негіз жоқ. Осы күнге дейін дүбірлі дода қатысушыларынан жергілікті тұрғындарға вирус жұққаны жайлы бірде бір дерек тіркелген жоқ. Олиипиадада 310 мың ПТР-тест жасалған. Солардың тек 0,2 проценті ғана оң нәтиже көрсетті. Олимпиада қалашығында қатаң шектеу шаралары енгізіліген. 

Коронавирус тек тұрғындардан ғана емес, Олимпиада қатысушыларынан да анықталып жатыр. Кейінгі тәулікте тағы 24 оқиға расталды. Арасында аргентиналық және американдық спортшылар бар. Енді олар ойындарға қатыса алмайды. Ал Австралияның жеңіл атлетикадан ұлттық құрамасы тіптен толық құрамымен оқшауланды. Өйткені вирус жұқтырған Олимпиада қатысушысымен қарым-қатынаста болған. Енді 63 спортшы уақытша оқшауланатын болды. Сөйтіп, соңғы мәлімет бойынша дүбірлі додада 200-ге жуық оқиға расталып отыр. 

Жалпы Жапонияда қазір вирус жұқтырып жатқандардың дені жастар. Өйткені олар екпе салдыруға құлшыныс танытпайды.

Таро Коно, Жапония вакциналау жөніндегі министрі:

- Науқастар арасында қарт кісілер аз. Себебі олардың көбі вакцина салдырған. Біз жастарды екпе алуға шақырамыз. Өйткені қазір вирус жұқтырып жатқандардың көбі 20-30 жас аралығындағы тұрғындар. 

Сарапшылар жағдай осылай жалғаса берсе екі аптадан кейін Токиода вирус жұқтыру деректерінің саны бір жарым есе өседі деп болжап отыр. Қазір тәуліктік өсім 3 мың шамасында болса тамыздың басында бұл көрсеткіш 4 жарым мыңнан асып кетуі мүмкін деген қауіп бар. 

Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Абдыхалықова

Хабар 24 телеарнасы