Анталиядағы орман өртінен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ

Анталияның Манавгат ауданында кеше түсте орманды алқапта өрт шығып, елді мекендерге таяп қалғанын айтқан болатынбыз. Бүгін осы алапат жағдайдан опат болғандардың саны үшеуге жетті. Тағы 180-нен аса адам зардап шекті. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Тілсіз жау жолындағысын жайпап келеді. Жүздеген адам кеше үйінде түней алмай, жақын-жуықтарын сауғалады. Бірқатар үй, жылыжай орындарын от шалып, біраз мал тірідей жанып кетті.

Кеше жергілікті уақытпен он екілерде төрт бірдей жерде басталған орман өрті түні бойы жалғасып, желдің салдарынан сөндіру мүмкін болмады. Оған таңғы бес шамасында Манавгат ауданының Аксеки елді мекенінде шыққан өрт қосылды. Салдарынан ауылдық жерде 3 адам опат болды.

Аксеки елді мекеніндегі үйлердің 80% күлге айналды. Олардың арасында белгілі модель Туғба Өзбайдың да фазендасы болған. 

Туғба Өзбай, үйі өртенген азамат:

- Өртеніп жатырмыз! Фермамыз өртеніп жатыр. Дауысымызды жеткізіңізші. Дәл қазір Манавгатқа жете алмай жатырмын.

Сондай-ақ Манавгат мемлекеттік ауруханасынағы науқастар жақын жерлердегі басқа медициналық мекемелерге эвакуацияланды.

Туризм министрінің айтуынша, өрт демалыс орындарынан қашық. Алдын алу бойынша барлық шаралар қабылданған.

Мехмет Эрсой, Түркия мәдениет және туризм министрі:

- Өрт сөндіру жұмыстары дер кезінде басталғаны үшін туристік аймақтарға жеткен жоқ.

Түркияға саяхаттаған отандастарымыздың дені осы өлкедегі демалыс орындарын таңдайтыны белгілі. Дәл қазір Түркияда 19497 азаматымыз жүр. Оның 11325-і Анталияда. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда зардап шеккен қазақстандықтар жоқ. Алина Асадиллаева да осы ауданда тұратын отандасымыз. Оның айтуынша, өрттің қоюлығы сонша күннің көзін көлегейлеп, түк көрінбей кеткен.

Алина Асадиллаева, отандасымыз:

- Кеше түсте ұйықтап қалып, оянсам сыртта бірден қараңғы болып кеткенін көрдім. Бастапқыда күн бұлтты деп ойладым. Сыртқа шығып қарасам, қою түтін тұмшалап тұр. 40 градус ыстық әрі жел қатты болғандықтан өрт лезде тарап кетті. Үйдің жанындағы шөптер де жанып кетті. Тұрғындар дер кезінде өшірді. Қазір маңайдың бәірнде күл ұшып жүр.

Жалпы жылда осы уақытта елде орман өрті өршиді. Қазірдің өзінде Анталиядан бөлек Адана, Османие, Мерсин, Мармарис мен Кайсери провинцияларын тілсіз жау кеулеп барады. Отты жел одан сайын өршелендіріп, сөндіруге мұрша бермей тұр.