Эскимос-үндістердің дүниежүзілік олимпиада ойындары аяқталды 

Аляскада эскимос-үндістердің дүниежүзілік олимпиада ойындары аяқталды.

Биыл шара осымен 60-шы рет ұйымдастырылған. Қатысушылар классикалық спорт түрлерінен емес, мүлде басқа жарыстарда бақ сынайды.

Эскимос-үндістердің дүниежүзілік олимпиада ойындары жыл сайын өткізіледі. Ол Аляскадағы байырғы халықтардың мәдени мұрасын сақтауды көдейді. Мұнда ойыншылар түрлі сайыстарда сынға түседі. Пайдасына келер болсақ, қатаң полярлық жағдайда өмір сүруде төзімділік танытып, епті болуға үйренеді. Мәселен, мына жарысқа қатысушылар мұз бетінде секіруді үйренеді. Тайғақ бөрене үстінде жүру де ептілікке баулиды.   

Ең қиын жарыстардың бірі – қатысушылар бір аяғымен жоғарыда ілулі тұрған тұлыпты тебуі керек. Ол тепе-теңдік сақтауға бағытталған.

Одан бөлек эскимос-үндістердің дүниежүзілік олимпиада ойындары кезінде 4 адамды көтеріп жүру не балық тазалау секілді түрлі жарыстар өтеді.

Денали Глензел, қатысушы:

Маған итбалық терісінде секіру ұнайды. Одан бөлек тайғақ бөрене үстімен жүру секілді жарыстарға қатысамын. Мен кішкентайымнан осы ойындарды көріп өстім.

Эскимос-үндістердің дүниежүзілік олимпиада ойындарына жергілікті тұрғындардан бөлек Ресей, Канада мен Гренландиядан да қатысушылар келеді. Алайда былтыр пандемияға байланысты дода өтпей қалған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықорва