ДДСҰ: Екпенің үшінші дозасы толық зерттелмеген

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны салдырғандарға қосымша екпе алуға кеңес бермейді.

Себебі вакцинаның үшінші дозасы әлі толыққанды зерттелген жоқ дейді ұйым өкілдері.

Қазақ арасы ғана емес, жарты әлем даурығып, вакцинаның тиімді я тиімсіз екенін анықтай алмай жатқанда, еврейлер Pfizer/Biontech препаратының үшінші дозасын салдырайын деп жатыр. Елдің алды болып Израиль президенті Ицхак Герцог екпе алады. Жалпы үшінші доза мұнда алпыстан асқан адамдарға егіледі. Науқан арғы күні, яғни тамыздың бірінен басталады.

Нафтали Беннетт, Израиль премьер-министрі:

– Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылар комитеті коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын 60-тан асқан азаматтарға қолдануға ресми түрде рұқсат берді. Мұндай шешім жүргізілген зерттеулерге негізделе отырып қабылданды. Сондықтан біз үшінші доза науқанын іске қосқалы тұрмыз.

 

Кедей аудандарда тұратындарға екпе салына бастады

Вакцина қолжетімді болуға тиіс әрі халық барынша қамтылуы керек. Әсіресе, табыссыз жүрген жұрт сырт қалмағаны жөн. Осыны ескерген Рио-де-Жанейро билігі кедей аудандарда тұратын азаматтарға екпе сала бастады. Билік өкілдерінің жоспарына сәйкес, 3 күн ішінде фавеллада тұратын ересек адамдардың бәріне «АстраЗенека» препаратының алғашқы дозасы салынуы керек.

Бренда Феррейра Да Силва, студент:

– Вакцина ең бірінші біздің фавеллаға келгеніне қуаныштымын. Себебі былтыр біздің аудан індет ошағына айналып, көп адам қайтыс болған еді.

 

Монахтар да екпе алады

Ал Таиландта будда монахтары вакцина салдырып жатыр. Бүгінге дейін мыңға тарта діндар екпе алған. 

 

Шенеуніктерге шектеу бар

Ал АҚШ-та вакцина алмаған шенеуніктерге бірқатар шектеу қойылды. Мұндай мемлекеттік қызметкерлер жұмыс орнында бетперде киіп, арақашықтық сақтауы керек. Бұған қоса, апта сайын коронавирусқа тест тапсыруға міндетті. Ел президенті Джо Байденнің осындай нұсқауы бар. Мұндай қадамға коронавирус жұқтыру деректерінің күрт көбеюі себеп. Президент Байденнің айтуынша, мұндай шара азаматтарды екпе салдыруға итермелейді. Американың алпауыт компаниялары да қызметкерлеріне вакцина алуды міндеттеп жатыр. Мәселен, Netflix компаниясы актерлерге, сондай-ақ олармен байланыста болатын қызметкерлерге вакцина алуды міндеттеді. Google-ге иелік ететін Alphabet корпорациясы да осындай талап қойып отыр.

Сондай-ақ...