Өрт қасақана жасалуы мүмкін – Түркия билігі

Түркияда тамыз айының аяғына дейін орманды алқаптарға баруға тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік қасақана от қоюшылардың жолын осылай кеспек.

Қазір бұл ел алапат өртпен күресіп жатыр. Оттың бетін қайтарғанмен, қауіп толық сейілген жоқ.

Түркияда соңғы 3 күнде 21 провинцияда ормандық алқаптан шыққан 71 өрттің 57-сі сөндірілді. 14-інде тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Оның ішінде, отандастарымыздың ең көп тұрақтайтын Анталия мен Мармарис шаһарлары да бар.

Бекир Пакдемирли, Түркия орман және ауыл шаруашылығы министрі:

- Көптен бері бір уақытта осындай алапат өртпен күреспеген едік. Осыған байланысты өртті сөндіру барысында қиындықтар туындады. Дегенмен қазір лаулап тұрған барлық өртті алауыздықтауға аз қалды. Толық бақылауға алынды деп айта алмаймыз.

Мәдениет және туризм министрінің айтуынша, Анталиядағы өрт туристік мекендерден қашықта орналасқан. Сондықтан демалыс орындарына ешбір қауіп жоқ. Ал Мармаристегі өрт екі қонақүйге жақын шыққан, ондағы демалушылар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Бір уақытта осыншама жерде өрттің шығуы бұрын-сонды болмаған жағдай. Сондықтан жергілікті билік мұны қасақана жасалуы мүмкін дейді. Дегенмен нақты қорытынды барлық провинциядан басталған тергеуден кейін белгілі болмақ. Тергеу барысында Османиеде 5 кісі тұтқындалды. Қазір оқиғаға байланысты жан-жақты тексеріс жалғасып жатыр. Ал Мармаристегі өртті жасөспірімдер жасауы әбден ықтимал. Жағдайға қатысты, 10 жасар екі баладан педагогтардың бақылауында түсініктеме алынды. Балалардың «Кітаптарды өртеп отырған едік. Бірден өрт күшейді. Ыдысқа су толтырып, өшіруге тырыстық. Сөнген жоқ. Біз де қашып кеттік» дегені белгілі болды. Түркияда ормандық алқаптарға азаматтардың кіруіне тыйым салынды. Жұма намазынан кейін мәлімдеме жасаған президент Ердоған алапат өрттен зардап шеккен барлық тұрғынға қажетті көмектің берілетінін жеткізді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Барлық аймақта өрттің шығу себебіне байланысты тергеу қарқынды жүріп жатыр. Қасақана жасалынды немесе басқа себеп бар ма жан-жақты қарастырылып жатыр. Ішкі істер министрлігіміз бен барлау басқармамызды жұмылдырдық. Нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз.

Анталия мен Мармарис – отандастарымыздың ең көп тұрақтайтын мекені. Сондықтан еліміздің барлық мекемелері мен тұрғындары жағдайды жіті қадағалап отыр. Дегенмен сыртқы істер министрлігінен алған ақпаратымыз бойынша, зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.