АҚШ-та маска тағу режимі қайтадан енгізілді

АҚШ-тағы эпиджағдайдың ушығуына байланысты бірнеше қалаларда бетперде кию режимі қайтадан күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лос-Анджелес, Атланта, Канзас Сити мен Вашингтон – солардың алғашқылары. Мұндай шектеулерді енгізуге Дельта штамының өршуі мен вакциналау науқанының едәуір тежелуі түрткі болды дейді мамандар. Осы аптаның өзінде ковидпен ауырғандардың 92 проценті Дельта штамын жұқтырған болып шықты. Ал вакцина алғандардың үлесі халықтың 50 процентінен де аспайды. Бұлай жалғаса берсе, кезекті локдаун жариялануы әбден мүмкін дейді мамандар.

Алан Харис, жедел жәрдем қызметінің маманы:

– Ковидпен ауырғандардың саны артып келеді. Соңғы үш аптада біздің ауруханаға түскендердің саны екі есеге өсті. Халықтың басым бөлігі вакциналанбаса уақыт өткен сайын індет асқынып, адамнан адамға таралуы күшейе түспек. Америкалықтар соны түсінбей отыр.

Науқас:

– Мен вакцина аламын ба деп ойланып жүргенімде ковидпен қатты ауырып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Өлім мен өмірдің ортасында арпалыстым деуге де болады. Онымен қоймай, менің кесірімнен отбасым да індетті жұқтырып үлгерді. Мұндай халге түсетінімді және осылай болатынын білгенімде вакцинаны еш ойланбастан алатын едім.

Сондай-ақ...