Covid-19: Германия канцлері елге кіру ережелерін өзгертті

Ертеңнен бастап Германия елге келетіндерді қатаң тексереді.

Сырттан келгендер коронавирусқа қарсы тесттің теріс нәтижесін көрсетуге тиіс. Бұл тек шетелдіктерге ғана емес, неміс азаматтарына да қатысты. Бірақ жасы әлі 12-ге толмаған балалар, транзиттегі жолаушылар мен коронавируспен ауырғандарға мұның қатысы жоқ. Еуроодақ аумағында қолдануға рұқсат етілген вакциналардың бірін салдырған азаматтар да ПТР-тесттің нәтижесін көрсетуге міндетті емес. Ал эпидемиологиялық ахуалы нашар аймақтан келгендер үшін 10 күн карантинде болу шарт. Германия дельта штамымен осылай күреспек. Өйткені науқастардың 84 процентінен осы мутация анықталып жатыр.  

Ангела Меркель, Германия Канцлері:

– Вирус жұқтырғандар саны артып барады. Оның бір себебі – дельта штамы. Бәріміз де қалыпты өмірге қайта оралғымыз келеді. Алайда бірге әрекет етпесек, бұдан түк шықпайды. Ол үшін вакцина салдыруымыз қажет. Вируспен күресте әр екпе маңызды.