Түркия өрттен оңала ма?

Түркияда 28 шілдеде басталған өрт ошақтарының ұзын саны 112-ге жетті. Оның 107-сі сөндірілген. Бұл туралы осы елдің орман және ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Айтуынша, әлі де 5 аумақ өрт құшағында. Оның екеуі Анталияда, үшеуі Муглада. 

Жерорта теңізі елдері бұрын-соңды болмаған ыстықты бастан кешіріп жатыр. Күннің қызуы 40 градустан асып кеткен. Соның салдарынан өрт те көбейді. Түркия бес күннен бері Анталияда, ал кейінгі төрт күнде Мугла провициясындағы тілсіз жаумен күресіп әлек.

Өрт сөндірушілер бір аумақтағы өртті әупірімдеп сөндіргенімен, екінші бір жерден от шығып, мазаны қашырып тұр. Өйткені жел күшейіп, отты одан әрі өршелендіре түскен. 

Тілсіз жаумен күрес барысында опат болған адам саны 6-ға жетті. Мыңдаған кісі эвакуцияланды. Ресей, Украина, Иран мен Әзербайжаннан қосымша өрт сөндірушілер мен ұшақтар келді.

Алыстағы ағайынға алғаш болып көңілін білдіріп, ниеттестік білдірген Қазақ елі болды. Мемлекет басшысы жолдаған хатында бауырлас түрік халқына гуманитарлық көмек беруге дайын екенін жеткізді. Еліміздің Түркиядағы Елшілігі өртенген орманның орнына «Қазақстан- Түркия достық орманын» құруға дайын екенін білдірді. Ал Анталияда бір топ қазақстандық студент гуманитарлық көмекті тасымалдауға атсалысты.

Түркия президенті өрттен зардап шеккен аймақтарды аралап, Адана, Анталия, Мугла, Мерсин және Османия провинцияларын апатты аймақ деп жариялады.

Өрттің не себепті шыққаны белгісіз. Елде әртүрлі пікір бар. Бірнеше күдікті ұсталды. Дегенмен, нақты нәтижені тергеу қорытындысы көрсетеді. Ал президент Ердоған бұл оқиғаның лаңкестік ұйымдармен байланысы анықталған жағдайда ешкімге аяушылық болмайтынын ескертті.

Pеджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

– Миластағы өртке байланысты бір адам ұсталды. Осыған дейін айтып келгенімдей, террорлық ұйым басшыларының ормандарды өртеу туралы тапсырмаларынан кейін от шалған алқаптардың аумағы 2 есеге артып кетті. Түнеугүні болған өрттің кейбірі дәл осындай бұйрықпен жасалған болуы мүмкін деген де күдік бар. Сондықтан біз кінәлілерді мейлінше тезірек анықтап, тиісті жазасын беруіміз қажет. 

Анталиядағы өрт елді мекендерге қауіп төндірген. Ал туристік аймақтар өрттен қашық болғандықтан тыныш. Тек Мугладағы кейбір қонақ үйлеріндегі адамдар эвакуацияланған.

Сондай-ақ...