Өртке байланысты әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың 90% жалған – Түркия ішкі істер министрі

Түркия әлі де өртпен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орманға таяу маңдардан халық көшірілгенмен, жануарларды құтқару қиын. Шет елдерден де көмек келгенмен өртті толықтай сөндіру қиынға соғып тұр. 

Түркия 28 шілдеден бері тілсіз жаумен арпалысып әлек. Елдің 30-дан астам провинциясында 132 орманды алқапты өрт шалып, төңірек күлге айналды. 7 аумақ әлі жанып жатыр. Бұл туралы орман және ауыл шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирлі мәлімдеді. Оның айтуынша, өртті сөндіруге аптап ыстықпен қатар, ауаның ылғалдылығы әсер етіп отыр. Әдетте аймақта бұл көрсеткіш 30% болатын. Қазір 8% дейін төмендеп кеткен.

Бекир Пакдемирли, Түркия орман және ауыл шаруашылығы министрі:

- Өртке қарсы 16 ұшақ, 9 ұшқышсыз ұшақ, 51 тікұшақ, 1 ұшқышсыз тікұшақ, 850 су бүріккіш, 150 көлік және 5 мыңнан өрт сөндірушіні жұмылдырдық. Бірқатар мемлекеттен қосымша ұшақтар келді. Бірінші кезекте елді мекендердегі өртпен күресіп жатырмыз.

Өрттен әсіресе Анталияның Манавгат және Мұғланың Мармарис ауданы зиян шегіп отыр. Бір ғана Мұғланың өзінде 10 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Бұл ішкі істер министрінің мәліметі. Сойлуның айтуынша, өртке байланысты әлеуметтік парақшаларда жарияланған ақпараттың 90% жалған.

Сулейман Сойлу, Түркия ішкі істер министрі:

- Өртке байланысты арнайы топ жасақталды. Қазірге дейін 300-ден астам хабарлама келіп түсті. Оның әрқайсысын жеке-жеке зерттеп-зерделеп жатырмыз. Ұсталғандар бар. Алдағы уақытта нақты ақпаратпен бөлісеміз.

Өрттің көлемі айтарлықтай әрі әр жерде, бірақ бір уақытта болған. Өрт сөндірушілерге халық та барынша көмектесіп жатыр.

Бірер күннен бері әлеуметтік парақшаларда 2,5 млн қолданушы «Help Turkey» хэштегімен бүкіл әлемді көмекке шақырып отыр. Шетелден көмек алуға қарсылар да бар. 40 мын адам «WeDontNeedHelp», яғни көмек керек емес деп отыр.

Сондай-ақ...