Асқар Ақаев тергеушілерге қандай талап қойғанын айтудан бас тартты

Қырғызстанның экс-президенті Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің сұрақтарына жауап бергеннен кейін журналистердің алдына шығып, республика басшылығына риза екенін мәлімдеген.

Асқар Ақаев, Қырғызстанның экс-президенті:

- Мені бұл жерде құшақ жая қарсы алды. Әрине сұрақтар қойылды. Бүгін алғашқы тергеу болды. «Кумтөрді» қалай және не үшін салғанымызды, қандай қателіктер жасағанымызды жасырмай, барлығын ашық айту үшін келдім.

Әңгіме 1992 жылы канадалық «Камеко» компаниясымен жасалған келісім-шарты жайында болып отыр. Ол ешқандай байқауға қатыспастан Кумтөр ірі алтын кен орнын игеру құқығына ие болған еді. Құқық қорғау органдары «бұл келісім Қырғызстан үшін тиімсіз болды» деп есептейді.