Қытай астанасында әуе рейстері уақытша тоқтатылды

Қытайда да коронавирустың «дельта» штамы өршіп барады, деп хабарлады Хабар 24.

Қауіпті дерт елдің 27 шаһарында тіркелген. Соңғы тәулікте 84 адам вирус жұқтырды. Олардың 7-еуі Ухань қаласында. Вирустың дельта түрі Бейжіңде де кең етек жайып барады. Жергілікті билік індеттің таралуына тосқауыл қою үшін барлық тиісті шараларды қолға ала бастады. Қазірдің өзінде ауру құтырған өңірлермен көлік қатынасы тежелді. Автокөлікпен қатынайтындар Бейжіңге кірер алдында ПТР тесттің теріс нәтижесін көрсетуі керек. Сонымен қатар тұрғындар індет тіркелген өңірлерден келетін болса міндетті түрде бұл туралы тұрғылықты мекен жайы бойынша хабардар етуі тиіс. 

Сюй Хэцзянь, Бейжің қ. мэриясының ресми өкілі :

– Бейжің екі әуежайдағы санитарлық талаптарды қатаңдатты. Шаһарға кірер жолда да бақылау күшейтілді. Ел астанасы мен вирус тіркелген өңірлер арасында тұрғындардың қозғалысы шектелді. Сонымен қатар, авобус, теміржол мен әуе рейстердің қатынасы уақытша тоқтатылды.

Шаһардың қоғамдық орындарында маска тағу режимі қайта қолға алынды. Сауда орындары мен кей тұрғын үй кешшендеріне кірер алдында дене қызуы өлшенеді. Ал келесі аптада мектептерде басталатын оқу кейінге шегерілді. Белгілі болғандай вирус Бейжіңге туристік аймаққа айналған Чжанцзяцзеден келген. Ал ол жерге Нанкин қаласынан келді. Қазір Чжанцзяцзеде локдаун жарияланды. Саяхатшылар баратын жерлер жабық. Ондағы туристер енді аймақтан 3 мәрте тест тапсырғаннан кейін ғана аймақтан шыға алады. Жергілікті билік вирустың қаншалықты қауіпті екенін қайта-қайта ескертіп отыр. Мамандар күннің ыстығына қарамастан бетпердені шешпеуді талап етеді. Әсіресе қоғамдық орындарда, әуежай мен теміржол вокзалдарында талап қатаң. 

Хэ Цинхуа, ҚХР денсаулық сақтау ісі бойынша мемлекеттік комитет өкілі:

Қытайда ауруды бақылау және алдын алуға арналған шаралар оң нәтижесін береді. Коронавирустың қалай тарайтыны мәлім. Эпидемиямен күресте сүйенетін тәжірибеміз бар. Мысалы Гуандун, Ляонин мен Юньнань провинцияларындағы індеттің өршуін ауыздықтай алғанбыз. Қолға алынған барлық шаралар нәтижелі болды.

Қытайда 1 млрд 670 млн доза вакцина егілді. Алайда ұжымдық иммунитет жайында айту әлі де болса ерте. Ел тұрғындарының әзірше 40 проценті ғана егілген.  Сондықтан Бейжің билігі арқаны кеңге салмай барынша сақ болуға шақырады. Әзірге қолда бар ақпарат осы.