Түркияда өрт әлі бой бермей тұр

Қазір елдің 7 провинциясында 13 орманды алқап жанып жатыр.

Бұған дейін 32 провинцияда өрт болған. Елдің 6 шаһарын да бірнеше күннен бері от қоршап тұр. 

Түркия тұрғындарын бір аптадан бері жалғыз сұрақ мазалайды. Өрт қашан сөндіріледі? Тиісті қызметтер мен тұрғындар тілсіз жаумен үздіксіз күрескенімен, қызыл жалынның екпіні басылар емес. Соңғы ақпар бойынша, өрт сөндіруге екі мыңнан астам техника мен 5 мыңнан аса адам жұмылдырылған.

Мармарис пен Бодрумда қатты жел салдарынан бірнеше күннен бері өрт сөндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Ауа райының қолайсыздығы арнайы авиацияны көтеруге кедергі болып тұр.

Ішкі істер министрінің сөзінше, елде террорлық ұйым ретінде танылған «Күрдістан жұмысшы партиясының» орман өртіне қатысы бар деп айтуға әлі ерте. Құқық қорғау органдары әртүрлі сценарийлерді қарастырып отыр. Соның ішінде, қасақана жасалған әрекет, немқұрайлық және терроризм де бар.

Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі істер министрі:

– Өрт себебін анықтау бойынша арнайы топ жасақталды. Қазірге дейін 300-ден астам хабарлама келіп түсті. Оның әрқайсысын жеке-жеке зерттеп, зерделеп жатырмыз. Ұсталғандар бар. Алдағы уақытта нақты ақпаратпен бөлісеміз.

Соңғы бір аптада Анадолы жерінде бір уақытта бірқатар провинцияларда өрт шықты. Қолайсыз ауа райы да тілсіз жаудың екпінін одан сайын арттырды. Өрт сөндіргіш ұшақтардың саны шектеулі. Көршілес елдерден көмек ретінде қосымша ұшақтар келді. Десе де өртпен күрес қиын болып тұр.

Мухиттин Бөжек, Анталия мэрі:

– Өрт елді мекендерге жетті. Бізге жедел түрде ұшақ пен тікұшақтар жөнелтілсін. Биліктен осыны сұраймын. Тұрғындарға үлкен қауіп төніп тұр.

Соңғы аптада өрт салдарынан 8 адам опат болды. 500-ден астам кісі түрлі деңгейде жарақат алды. Мыңнан астам жануар қырылды. Әзірге өрттен келген шығын көлемі белгісіз. Себебі кейбір елді-мекендерге әлі жол жабық.