425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркиядағы алапат өртті сөндіруге Испания мен Хорватиядан арнайы ұшақтар келді

  • 137
  • UPD: 11:31, 04.08.2021

Түркиядағы алапат өртті сөндіру ісіне Испания мен Хорватиядан арнайы ұшақтар қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Ресей, Иран, Украина және Әзербайжаннан көмек келген еді. Түркия осының алдында Еуроодақтан шұғыл қолдау сұраған болатын. Қазір 11 от ошағы әлі бақылауға көнбей тұр. Бұрынғыша тілсіз жауды еңсеруге күшті жел мен 40 градустық ыстық кедергі келтіруде. Орманнан көтерілген көк түтін Бодрум және Мармарис курорттарын тұмшалап тұр. Оппозициялық партиялар президент Режеп Тайып Ердоған үкіметін өртпен күрестегі қауқарсыздығы үшін сынға алып жатыр.

Мевлүт Чавушоғлы, Түркияның сыртқы істер министрі:

- Ертең Украинадан тағы 4-тен астам тікұшақ келеді. Біз оларды жеке компаниядан жалға алдық. Бұл тікұшақтардың ерекшелігі – олар түнде ұша береді.

Эгей теңізінің жағасындағы Бодрум қаласында демалып жатқан адамдар қауіпсіз жаққа жаппай шұғыл көшіріліп жатыр. Демалыс аймағындағы елді мекендерге өрт жақындап келеді. Бірнеше үй мен ғимарат отқа оранған.

Хакиме Калп, демалушы:

- Біз орналасқан жерде өрт аяқ астынан бұрқ ете қалды. Адамдар не болғанын бастапқыда түсінбей қалды. Түнде де ұшақтар тынымсыз ұшып, жұмыс жасалып жатыр.

Түркияда жаңа қауіп төніп тұр. Өрт Орен ауылының маңындағы жылу электр станциясына жақындап келеді. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды тоқтату үшін барын салуда. Мамандардың айтуынша, жалын 6 провинцияда әлі өршіп тұр.

Хабар 24 телеарнасы