Грекияда орман өртінен мыңдаған адамды баспанасынан айырылды

Грек елінде де орман өрті дес бермей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жаудың қарқын алуына аймақтағы аптап ыстық пен қатты жел себеп болып отыр. Кей өңірлерде ауа температурасы 45 градустан асады. Күн райының қолайсыздығынан 100-ден астам өрт ошағы тіркелді. Мамандар бұндай апат соңғы 30 жылда болмағанын айтады. Қазір жалынмен 500 өрт сөндіруші мен 150 арнайы көлік, 18 ұшақ арпалысып жатыр.

Никос Хардалиас, Грекия азаматтық қорғаныс министрінің орынбасары:

- Орман өрті өршіп тұрған өңірлерде ауа температурасы 45 градустан асып тұр. Ауаның ылғалдылығы 10%. Өрттің ушығуына ең қолайлы жағдай туындап тұр. Бофорт шкаласы бойынша желдің күшеюі 6 балға дейін жетеді. Елдің орманды алқаптарына қауіп төніп тұр.

Жергілікті билік қауіпті аймақтардан халықты эвакуациялау туралы бұйрық берді. Баспанасы өртенген мыңдаған адам өзге жерге көшуге мәжбүр болды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша өрт Афиныға жақындап қалған. Қызыл жалын бірнеше елді мекендердегі электр желілерін өртеп жатыр.