АҚШ-та COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 44%-ке өсті

АҚШ-тағы эпиджағдай күннен күнге нашарлап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда елдің бірнеше штатында ковидке қарсы қатаң шектеулер қолға алына бастады. Мәселен, келесі аптадан бастап Нью-Йорк тұрғындары сауда орталықтары, жаттығу залдары немесе тамақтану орындары сияқты бірқатар қоғамдық жерлерге кіру үшін ковид паспортын көрсетуге тура келеді.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ-та бір тәуліктің ішінде ковидпен ауырғандардың саны 85 мыңнан асып отыр. Бір аптадағы орташа есеп бойынша тәулігіне 85 мың адам жұқтырады. Ауырғандардың үштен бірі Техас пен Флорида штатында тіркелген екен. Неге десеңіз, бұл екі штаттағы вакциналау көрсеткіші едәуір төмен, тіпті 50%-ке де жетпейді.

Сонымен қатар ауруханаға түсіп жатқандардың саны да өте көп. Бір ғана мысал, дүйсенбі күні АҚШ бойынша 50 мың адам ауруханаға жеткізілді. Айта кетейін, мұндай көрсеткіш былтырғы жылдың ақпанынан бері болмаған. Демек, елдің кейбір аймақтарындағы эпиджағдай шындығында да нашарлап барады.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас иммунологы:

- Осыдан біраз уақыт бұрын ғана ковидпен ауырғандардың саны тәулігіне 12 мыңды құрап еді. Ал қазір 70-80 мыңның үстіне бірақ шықты. Бұл түрімізбен жақын арада 200 мыңға дейін жетеміз. Вакцина алу керектігін айтып шаршадық. Індеттен қайтыс болып жатқандардың 99,5%-і вакцина алмаған адамдар екенін айттық қой. Бұдан артық қандай дәлел керек.

Талғат Алман, тілші:

- Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан вакциналау науқанын ілгерілетіп, халықты ынталандыру үшін не жасалмады?! Кейбір штаттарда миллиондаған долларды құрайтын лотореялар ойнатылды. Енді бірінде екпе алғандарға әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылды. Немесе біз тұрған Нью-Йоркте вакцинаның әр дозасына 100 долларлық жәрдемақы берілетіні де айтылды.Соған қарамастан вакцина алғысы келмейтіндердің әлі жетерлік. Осы орайда, бүгін ғана Нью- Йорк қаласында жаңа шектеулер қолданылатыны белгілі болды. 16-тамыздан бастап қоғамдық жерлерге және ғимараттарға кіру үшін Нью-йорктықтар ковид екпесінің кем дегенде бір дозасын алғанын көрсетуі керек. Болмаған жағдайда жаттығу залдары, тамақтану орындары, сауда орталықтары немесе жұмыс офистеріне кіргізілмейді.

Билл де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

- Біз мұндай жаңа ережені қабылдап жатқан алғашқы қаламыз. Және кез келген адам ковид паспортын көрсетуге міндетті болады. Мейлі мемлекеттік қызметкер, мейлі тұтынушы болсын. Өйткені бұл вирусты жеңудің жалғыз жолы.

Айта кетейік, Нью-Йорк қаласындағы вакциналау көрсеткіші өзге мегаполистермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Халықтың 57%-і толықтай вакциналанған. Дегенмен, бұл көрсеткіш ортақ иммунитетті қалыптастыру үшін жеткіліксіз. «Өйткені «Дельта» штамына қарсы ортақ иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың бұрыyғыдай 70%-і емес, 90%-і вакциналануы тиіс», - дейді кейбір тәуелсіз сарапшылар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...