Әлем елдерінде балаларға вакцина салынды

Бала екпе салдырамын десе рұқсат. Ата-ана қарсы болса да вакцина егіледі. Италия осындай қадамға барып отыр. Ал Эстония вакциналауды сабақ басталысымен тура мектептің ішінде жүргізбек. Біріккен Араб Әмірліктері болса жасы 3-тен асқан бүлдіршіндерге де екпе егуге рұқсат берді. Әлемде балаларды вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр?

Украинада енді жеткіншектер вакцина салдыра алады. Әзірге 5 баланың екпе қабылдағаны белгілі. Кейбірі мұны шетелге оқуға бару үшін жасатқан. Созылмалы ауруы бар бала да вакцина салдыртқан. Себебі мұндай жасөспірімдер коронавирус жұқтырса, ауру одан әрі асқынып кетуі мүмкін. Ата-аналары осыған алаңдап, алдын ала қамданған.

Италияда екпе салдыру үшін ата-ананың рұқсаты қажеті емес. Шешімді баланың өзі қабылдай алады. Боиэтика жөніндегі ұлттық комитет осындай мәлімдеме жасады. Яғни екпеге әке-шешесі қарсы болып, ал жеткіншектің өзі препарат салдырамын десе, онда баланың шешіміне басымдық беріледі. Сөйтіп Аппенин түбегінде жасы 12-ден асқан тұрғындар екпе қабылдай алады. 

Мұнда мамырдан бастап Файзер-Байонтек препараты қолданылған. Тақауда америкалық Модерна компаниясының өнімін де пайдалануға рұқсат етілді. Билік осылайша жаңа оқу жылының басына дейін балалардың біраз бөлігін екпемен қамтуды көздеп отыр.

Эстония билігі де жаңа оқу жылына дейін ата-аналарға балаларын вакциналау науқанына белсендірек қатыстыруын сұрап отыр. Бұл бағытта елдегі екінші ірі қала - Тарту жақсы нәтиже көрсетті. Мұнда 12-17 жас аралығындағы тұрғындардың шамамен жартысы препараттың бірінші дозасын қабылдап үлгерген. Мамандар қыркүйекке дейін ол көрсеткішті 70 процентке жеткізуді көздейді. Ал жаңа оқу жылы басталғанда, балалар мен мұғалімдер басқа жаққа барып, әлекке түспеу үшін вакциналау мектептің ішінде жүргізіледі.    

БЛИЦ:

- Қызымызға вакцина салдырамыз ба, жоқ па көп ойландық. Дәрігер балам вирус жұқтырса, оның салдары ауыр болатынын түсіндіріп, бізді көндірді.

- Тарту қаласы білім беру деңгейі бойынша Эстонияда бірінші орында тұрған шаһар. Сондықтан біз оқушыларды вакциналау жағынан да үлгі көрсетуіміз керек. Балалар да мектепті сағынып қалды.

Кеше 12-17 жас аралығындағы балаларды вакциналау науқаны Латын Америкасындағы Аргентинада ДА басталды. Алайда әзірге препарат тек қант диабеті, семіздік, жүрек-қан тармырлары, бүйрек ауруларына шалдыққан жасөспірімдерге салынады. Бұл шамамен 900 мың адам. Мамандар вирустың тез тарап жатқан дельта штамынан қорқып отыр. Сондықтан созылмалы ауруы бар балалардың дерті асқынып кетпеу үшін бірінші кезек соларға беріліп отыр.

БЛИЦ:

- Бұл қауіпті топқа кіретін балалардың денсаулығына алаңдамай, мектепке қайта оралуы үшін керемет мүмкіндік қой. Мамандарға алғысымыз шексіз!

- Менің демікпем бар. Атамда да болған. Алайда ол кісі коронавирус жұқтырғаннан кейін көз жұмды. Мен де оның тағдырын қайталаймын ба деп қорқамын. Сол үшін екпе салдырдым.

Балаларды вакциналау науқаны Азия елдерінде ДЕ жүріп жатыр. Камбоджада 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе салынады. Ал медицина қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы дәрінің үшінші бустерлік дозасын егу ұсынылған. Бұл елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты қабылданған шара. Өйткені аймақта дельта штамын жұқтырған науқастар көбейіп барады.

14 жастағы оқушы:

- Бір жағынан вакцина салдыру тегін. Екіншіден, ол вирустың таралуын тоқтату үшін керек. Сонда көп ұзамай бәріміз қайтадан бетпердесіз жүреміз деп үміттенемін. 

Балаларды вакциналау жағынан Германия жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мұнда жасы 12-ден асқан кәмелетке толмаған әр бесінші азамат екпе алған. Бұл шамамен 900 мың бала. Әуелде оны тек нақты бір аурулары бар балалар алып келді. Немесе екпе дәрігердің ұсынымы бойынша салынған. Енді ол жасы 12-ден асқан кез келген азамат үшін қолжетімді.

БЛИЦ:

- Жасым 17-де. Вакцина қабылдау өте маңызды шара деп ойлаймын. Жаңа ғана BioNtech препаратының біріші дозасын салдырдым. Осылайша өзімді де отбасымды да қорғамақпын. Айтпақшы, достарымның көбі егілген.

- Вирустан қорғану үшін барыншы көп адам вакцина қабылдау керек. Біре-саран адамның егілгені нәтиже бермейді. Сондықтан бірігуіміз керек. Демалысқа шықпай тұрып сыныпта ешкім екпе салдырмаған еді. Қазір егілгендердің қатары артты.

Қытай да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Көрші елде осы күнде дейін 12 миллионнан аса жеткіншек егілген. Негізі мұнда шұғыл жағдайда жасы 3-тен асқан бүлдіргшіндерге де вакцина салдыруға рұқсат етілген. 

Таяуда Бірікке Араб Әмірліктерінің де құзырлы органдары жасы 3-тен асқан балғындардың шұғыл жағдайда екпе қабылдауын мақұлдады. Ол үшін Қытайдың Синофарм компаниясының өнімі қолданылады. Жалпы Біріккен Араб Әмірліктері иммундау бойынша әлемде алдыңғы орынлдардың бірінде тұр. Бүгінде шамамен 10 миллион тұрғыны бар бұл мемлекетте халықтың 70 проценттен астамы екі дозаны да қабылдаған.