Ливандағы жойқын жарылыстан бері бір жыл өтті

Бүгін Бейрут кемежайындағы жойқын жарылыстың болғанына тура бір жыл. Алайда өзгеріс шамалы. Қала әлі күнге жайрап жатыр. Өткен 12 айда Ливан жұртының өмірінде де өзгеріс болмай тұр.

- Жарылыстан кейін мына жердің тас-талқыны шықты. Кешкі сегізден кейін осында қалуға қорқамын. Ауданның там-тұтығы қалмаған. Бір жыл бұрын бұл жер Париждей еді. 

- Алапат апатты ұмыту мүмкін емес. Жарылыс кезінде жарым екеуміз балконды тұрғанбыз. Кенет қонақ бөлмеден бір-ақ шықтық. Үйіміздің түгі қалмады. 

- Әйгілі болғанды кім қаламайды?! Бірақ мен басқаша танымал болғым келер еді. «Бейрут қалыңдығы» дегенде бірден Ливандағы қаралы күн еске түседі.

Осыдан тура бір жыл бұрын 2020 жылдың төртінші тамызында Бейрутте жойқын жарылыс болды. Қайғылы оқиғаның себебі дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы. Кейін анықталғандай, 3 мың тоннадай химиялық зат қоймада алты жыл бойы сақталған. Кеденшілер одан келер қауіпті қанша рет ескертсе де ешкім оған құлақ аспаған. Соның салдарынан 200-ден астам азамат көз жұмып, 6 мыңдай адам жарақат алды. 

Осыдан кейін елді жаппай ереуілдер жайлады. Халық бәріне билікті кінәлап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Жарылыс ісі бойынша сот 30-дан астам азаматты қамауға да алған. Алайда елдегі жемқорлыққа байланысты Ливанда осы күнге дейін бір де бір жоғары лауазымды шенеунік жауапқа тартылмады.

Джордж Безджян, қызынан айырылған әке:

- Жарылыстан қызымнан айырылдым. Енді шындықтың беті ашылып, әділдіктің орнағанын қалаймын. Ешкімнен кек алғым келмейді. Мақсатым тек шындыққа қол жеткізу. Менің оған құқығым бар. Егер үндемей үйде отыра берсек, шындықты сол күйі білмей кетеміз. Сондықтан көшеге шығамыз.

Шушан Егиян, қызынан айырылған ана:

- Бүгін мен біреуді өлтірсем, мені дереу айыпты деп танып, темір торға қамар еді. Ал билік басындағылар неге қамауға алынбайды? Олар бізді балаларымыздан айырды. Сондықтан мәселенің анық-қанығы халыққа жариялануы тиіс. 

Жарылыстың болғанына бір жыл өтсе де Бейрут тұрғындары әлі күнге дейін ес жия алар емес. Апат адамдарға психологиялық тұрғыдан ғана әсер етіп қоймай, экономикалық зардабын да тигізді. Сорақысы сол, дәл осындай уақытта ел үкіметі халыққа мүлдем көмектеспепті.

Гассан Зейтун, дүкен иесі:

- Қайырымдылық қорларының қолдауымен қайтып келдік. Олардың көмегінсіз орала алмас едік. Себебі ешкімде ақша жоқ. Біз әлі де экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз.

Қаланың қазіргі сиқы тура бір жыл бұрынғыдай. Шаһардың тең жартысы әлі қираған күйі тұр. Көшеде сау тамтығы қалмаған көліктер жатыр. Ал мұның бәрін реттеп, тазалап қаланы бұрынғы қалпына келтіру үшін 5 миллиардтай доллар қаражат қажет екен.