Түркияда электр станциясы өртеніп жатыр  

Түркияның оңтүстік-батысында ормандағы от ие бермей тұр.

Ең қауіптісі, қазір көмірден электр энергиясын өндіретін станция өртеніп жатыр. Полиция жақын маңдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Экологтар зауыттағы өрттің кесірінен қоршаған орта ластанады деп дабыл қағып әлек. Сондай-ақ мамандар мен оппозициялық депутаттар орман ағаштары жойылған соң табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады деп алаңдайды. От пен түтінге оранған аймақтың көрінісі НАСА агенттігі түсірген ғарыштағы суреттен де көрініп тұр.

Тайып Режеп Ердоған, Түркия президенті:

– 8 күннен бері бізде тыным жоқ. Өрт электр станциясына да жетті. Жағдайды бақылауға аламыз деп сенемін.

ЯКУТИЯДАҒЫ ӨРТ ИЕ БЕРМЕЙ ТҰР  

Ресейдің Якутия аймағында ормандағы өрт те бір аптадан бері дес бермей тұр. Ауаға таралған зиянды қалдықтар деңгейі рекордты көрсеткішке жеткен. Мамандар ыстық климаттан туындаған өрт Сібірдегі мұздықтарды ерітіп, айналаға үлкен зиян келтіреді деп қауіптенеді. От 4 миллион 200 мыңнан астам гектар аумақты жалмап үлгерген. 

Владимир Леонов, Якутия авиация базасының басшысы:

– Өрт жергілікті тұрғындардың өмірін жан төзгісіз жағдайға әкелді. Көк түтін отты сөндіруге үлкен кедергі жасауда. Әсіресе су шашатын ұшақтарға қиын. Әуе танкерлерін мүлде пайдалана алмай жатырмыз.