Ливанда наразы халық ереуілге шықты  

Ливан астанасы Бейрутта жергілікті тұрғындар жаппай ереуілге шықты.

Шаһар көшелеріне бір жыл бұрын жойқын жарылыс кезінде қаза тапқандардың туған туысқандары жиналған. Ашуға бой бергендер оқиғаға қатысты тергеу ісіне көңілдері толмайтынын білдірді. Айтуынша, жарылыстың орын алғанына бір жыл өтсе де ешбір шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Оған қоса еЛді қаржы дағдарысы да қыспаққа алды. Аймақта жұмыссыздық пен жанармай тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Шара тәртіпсіздікке ұласты. Наразылар полицияға тас лақтырып жұдырықтыса бастаған. Рейтерс ақпарат агенттігі, ереуілде 8 адамның жарақат алғанын хабарлайды. Тәртіп сақшылары жиналғандарды тарқату үшін көз жасаурататын газ қолданды.

Мюнтер Таббара, ереуілші:

– Біздің талабымызға құлақ ассын деп жиналып отырмыз. Ереуілге шыққанан басқа қолдан еш нәрсе келмейді. Одан басқа амал жоқ. Революция болғалы екі жыл өтті, әлі де өзгеріс жоқ.

Естеріңізге салайық, тура бір жыл бұрын Бейруттегі химиялық зат сақталатын қоймада  жойқын жарылыс болды. Қайғылы оқиғаның себебі – дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы. Жарылыс салдарынан 200-ден астам азамат көз жұмып, 6 мыңдай адам түрлі жарақат алған.