423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Коронавирус Қытайдың басым бөлігіне тарап кетті

  • 249
  • UPD: 20:36, 05.08.2021

Қытай індетпен қайта алысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

31 аймақтың он жетісінде коронавирус тарап кетті. Соңғы тәулікте елде 100-дей науқас анықталды. Бір жарым миллиард халқы бар мемлекетте індетке тойтарыс беру үшін біраз шаралар қолға алынған. Бұл қатарда жаппай тестілеу, қалаларда толық немесе жартылай локдаун тәртібін енгізу, көлік қатынасын тоқтату және миграциялық ережелерді күшейту бар.

Қытай үкіметі коронавирустың таралуына байланысты санитарлық шараларды күшейтіп жатыр. Індет ошақтары саналатын Нанкин мен Янчжоу қалаларына баратын әуе мен теміржол қатынасы тоқтатылды. Қазір жаппай тестілеу жүргізіліп жатыр. Ухань қаласында жұмаға дейін 12 миллион адам тексерілуге тиіс. Ал 9 миллион тұрғыны бар Нанкинде ПТР-тестілеудің 4-ші кезеңі аяқталуға жақын. Бейжіңде науқас барған сауда орталығы жабылды. Тағы да екі қаланың тұрғындарына үйлерінен шықпау ескертілді.

Ми Фэн, ҚХР Денсаулық сақтау істері жөнінде мемлекеттік комитеттің ресми өкілі:

- Қазіргі кездегі Қытайдағы эпидахуалдың қаупі – індет ошақтарының көптігі. Бүгінде 17 провинцияда коронавирус тіркелді. Бүкіл ел аумағында жоғары немесе орта қауіпті 144 аймақ бар. Бұл індетке қатысты жағдай тұрақталғаннан кейінгі ең жоғары көрсеткіш.

Індеттің қазіргі өршуі Нанкин әуежайымен байланысты болып шықты. Бұл қалада Ресейден келген ұшақты тазалаған әуежай қызметкері «Дельта» штамын жұқтырған. Енді бүкіл ел аумағында халықаралық рейстерге қызмет көрсететін адамдарды күнара тексеріп жатыр. Шекаралық бақылау да күшейтілді. Дәлелді негізі жоқ адамдарға шетелге баруға уақытша рұқсат етілмейді.

Лю Хайтао, ҚХР Мемлекеттік иммиграция басқармасының өкілі:

- Біз адамдардың қауырт шаруасы болмаса шекарадан өткізбейміз. Оқу немесе жұмыс бабы бойынша шетелге баруға тиіс азаматтардан арыз қабылдап, дер кезінде құжаттарын рәсімдейміз. Сосын пандемиямен күрес немесе өндірісті жандандыру үшін өзге елдерге баратын адамдардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетеміз.

Мамандардың пікірінше, жаппай вакциналау мен азаматтардың қатынауын шектеу – «Дельта» штамымен күресудің ең тиімді жолы. Екпе салдырған адамдарда ауру жеңіл өтіп жатыр. Жалпы Қытайда  бір миллиард 700 миллионнан астам екпе салдырған.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы