Түркия үкіметі өрттен зардап шеккендерге 6000 доллар өтемақы төлемек

Түркия аспанын 9 күннен бері көк түтін тұмшалап тұр.

Өрт нақты қанша аумақты шарпыды, шығын көлемі қандай? Жергілікті билік бұл сұраққа әлі нақты жауап берген жоқ.

Меруерт Қанағаттан, тілші:

- Түркияда жағдай оңалмай тұр. Әсіресе, елдің ең ірі Анталия және Мұғла провинцияларында әлі де өрт. Осы аймақтардан күніге қайғылы хабар естиміз. Өйткені тілсіз жау елді мекендерге жеткен. Соның ішінде Милас ауданы бар. Шаһар мэрі аудандағы өрт сөндіру үшін жіберілген топтың жеткіліксіз екенін мәлімдеп, қосымша күш сұраған еді. Бұған дейін де ауданды электр энергиясымен қамтамасыз ететін жылу электр стациясына қауіп төніп, кейін жағдайдың тұрақталғаны хабарланса да, бүгін түнде өрт станцияға жетті. Кемеркөй станциясы жылына 4 млрд киловатт энергия өндіру арқылы елдің 1% тұрғынын жарықпен қамтамасыз етеді.

Экрем Аян, Мармаристегі қонақ үй директоры:

- Милас ауданындағы өрт жылу электр станциясына жетті. Станция Егей теңізі жағдлауындағы провинцияларды жарықпен қамтамасыз ететін. Ол жердегі ормандар толық күлге айналды. Елді мекендер эвакуацияланды. Арқа жағымдағы түтін де Мұғладағы орман өртінен.

Станцияға жақын орналасқан 10 елді мекен тұрғындарын қауіпсіздік басқарамасы мен армия қызметкерлері эвакуациялады. Бірнеше әскери кеме жағаға жақындап, Милас тұрғындарын қауіпсіз жерге тасымалдады.

Түркияда бір аптадан бері дес бермей тұрған орман өртінің не себепті шыққаны белгісіз. Халық арасында көптеген пікірлер бар. Соның бірі өрттің курорттық жерлерге демалыс орындарының құрылысы үшін қасақана жағылғандығы жөнінде. Дегенмен, ел президенті мұны жоққа шығарып, отқа оранған орманның орнына құрылыс жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Ормандардың орнына бетоннан ғимараттар тұрғызайық дейді? Құдай сақтасын... Мен мұндай құрылыстарға қарсымын. Жалған ақпарат. Мұны дәлелдеу қажет. Ондағы муниципалитеттер оппозицияның құрамында.

Түрік үкіметі өрттан зардап шеккен азаматтарға 6 мың доллар көлемінде өтемақы төлемек. Ал, өрттің ел экономикасына нақты қанша шығынға ұшыратқаны әзірге белгісіз.