Грузияда індеттің төртінші толқыны шарықтау шегіне жетті

Грузияда коронавирусты жұқтыру дерегі күрт артып, елде індеттің төртінші толқыны шарықтау шыңына жетті. Медицина мамандары эпидахуалдың ушығуы, коронавирсутың жаңа штамдарының таралуы мен санитарлық ережелердің сақталмауынан дейді. Оған қоса вакциналау қарқыны да көңіл көншітпей тұр.

Грузия ауруханалары науқасқа толы. Қазір коронавирус жұқтырған 34 мың науқастың 6 мыңы емханада жатыр. Ал үйде емделіп жатқандардың көбі дәрігерге көріне алмай қиналуда. Өйткені денсаулық сақтау жүйесінде жүктеме көп.

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары: 

- Күніне төрт мыңнан астам науқас тіркеледі. Іс жүзінде бұл төртінші толқынның шыңы. Бізде ковидпен ауырғандарға 7 мың төсек орын бар. Қонақүйлерді де жұмылдырдық. Онлайн-клиникалар жұмыс істеп жатыр, бәріне жауап беру үшін қызметкерлер санын арттырдық. Жағдайды реттеуге бар күшімізді саламыз.   

Қазір Грузияда тұрғындардың 7%-і ғана толық вакцина алған. Бұл «қызыл аймаққа» енген әрі турист көп келетін ел үшін өте төмен көрсеткіш. Дегенмен, белігілі бір санаттағы шетелдіктер де екпе салдыра алады. Оған дипломаттар мен Грузияда жұмыс істейтін шетелдіктер жатады. Оларды Батуми, Кутаиси мен Тбилисидегі үш клиника қабылдайды. Ал денсаулық сақтау министрлігі күніне 20 мың адамға вакцина егуге дайын.

Амиран Гамкрелидзе, Грузия аурулар мен қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының бас директоры:

- Бұдан бұрын індет шыңына мамыр айында жеткен едік. Ал қазір науқастар саны одан да асып кетті. Өкінішке орай, өлім саны да өсті, күніне орта есеппен 34 адам көз жұмады. Пандемия кезінде қайтыс болғандардың 99,7%  вакцина екпеген. Ал екпе салдырған бір мың адамның бәлкім біреуі ғана қайтыс болады. Ал вакцина екпеген бір мың адамның он бесі көз жұмады. 

Грузия билігін коронавирустың күшеюі алаңдатып отыр. Қазір аурудың таралу қарқыны бойынша бұл ел әлемде бесінші орында тұр. Ал бір күн ішінде қайтыс болғандар саны бойынша он бірінші орында. Дәрігерлер енді өлім-жітім көрсеткіші үш есе артуы мүмкін деп болжайды. 

Юлия Тужилкина