Оралда жастар ашық алаңдарда тыныс алу жаттығуларын үйретіп жүр

Батыс Қазақстан облысында көпшілік спорттық шараларға ерекше екпін берілді. Жастар ашық алаңдарда тұрғындарға тыныс алу жаттығуларын үйретіп жүр. Осылайша қатерлі дертпен қоғам болып күресуге үндейді.

Қаладағы спорт алаңдарына бұрынғыдай балалар ғана емес, енді ересектер де жиі келетін болды. Олардың арасында зейнеткерлер бар. Тұрғындар таза ауада тыныс алу жаттығуларын бірлесе жасайды. Алаңда арнайы жаттықтырушылар тегін қызмет көрсетіп жатыр.

Мақсот Берген, зейнеткер: 

- Қазір мына емдеу гимнастикасымен айналысып жүрміз, әдейі дәрігер келеді. Осында көп зейнеткерлер жиналады. Тек ғана осында емес, басқа да алаңдарда біз көп көріп жүрміз. Мен осы үш алаңда болдым. Үшеуінде де зейнеткерлер өз еркімен өздері келіп жүр.

Жоба облыс орталығындағы 9 спорт алаңында өтіп жатыр. Сонымен қатар Ақсай қаласында да жалғасын тапты. Көпшілік жаттығулар күн сайын таңертең және кеште болады. Бұл шараға кез келген тұрғын қатыса алады. Кейбір көп пәтерлі үйлердің ауласындағы спорт алаңдарында тұтас отбасы мүшелері бірге шынығып жүр.

Қанат Досмағамбетов, жоба кураторы:

- Таңертең сағат 8:00-ден бастап 11:00-ге дейін. Кешкі сағат 18:00-ден бастап 21:00-ге дейін жаттықтырушыларымыз өз аудандарында, бекітілген аудандарында жұмыстарын атқарады. Белсенділік жақсы. Үлкен кісілеріміз жақсы қабылдап жатыр. Қазір енді 500 адамға жуық жобаның қатысушысы болып жүр. Бұдан әрі көбейтеміз. Біздің жоспар мың адамнан асып түсу.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы жобаны үзбей жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал қыс мезгілінде көпшілік шаңғы жорығын ұйымдастырмақ ниетте. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...