Берлиндегі музей келушілерді тегін кіргізуді ұйғарды

Берлиндегі музей келушілерді тегін кіргізуді ұйғарды

Берлинде музейге тегін кіресіз. Қала тұрғындарына да, сырттан келген қонақтарға да айына бір рет осындай кеңшілік жасалды.

Өйткені індет кезінде адам саны 40-80 процентке азайып кеткен. Әдетте Берлиннің мемлекеттік музейлеріне жыл сайын 4 миллионнан астам адам келеді. Әрине оған кіріп шыққан адам ақша төлейді. Жалпы билет сатудан түскен кіріс мұнда 12 миллион еуроға дейін жетеді. Бірақ коронавирустың кесірінен былтыр табыс 2 есеге азайып кеткен. Енді адам қарасын көбейту үшін музей қызметі ара-тұра тегін болмақ. Ал музей бір ай жабық тұрса шығыны 2 миллион еуроға жуықтап қалады.   

Имма, Франциядан келген турист:

- Біз Франциядан келдік. Біздің елде мұндай жеңілдік жоқ. Мәселен, Луврға тегін кіру мүмкіндігі тек студенттерге берілген. Ал Берлинде кез келген адамға тегін. Бұған өте ризамын. Әкем екеуміз Берлиннің Жаңа музейі мен Египет мұражайына барып қайттық. Тарихи мұраларды көріп таңқалдық. Жалпы алғанда бірте-бірте мәдени өмірдің қайта қалыпқа келе бастағанына қуаныштымыз.

Нэнси, Берлин тұрғыны:

- Осындай акцияның іске қосылғанына қуаныштымын. Себебі бұл туристерге де, жергілікті халық үшін де мәдениетпен сусындап, дүниетанымды кеңейтуге таптырмас мүмкіндік.