Жамбыл облысында медицинадағы еңбек өтілі 111 жылға жуық дәрігерлер отбасы тұрады

Жамбыл облысында бір ғасырдан бері медицина саласына үлес қосып келе жатқан дәрігерлер отбасы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Умаровтар әулеті биыл облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Умаровтар отбасы мүшелерінің денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілін қосқанда 111 жылға жуықтайды. Әулеттің үлкені Мұхтар Умаров 40 жылдан астам уақыт бойы дәрігер-хирург болып еңбек еткен. Ол 2014 жылы дүние салған. Қазір оның ұрпағы әке жолын қуып, медицинада табысты қызмет етіп келеді.

Марифат Азизова, «Мерейлі отбасы» байқауының үміткері:

- Құс ұясында не көрсе, соны істейді. Әкелері дәрігер болды. Жас кездерінен мысалға бинт не нәрсе, перевязка деген не. Дәрілердің түрлері, укол анау-мынау дегендерге көздері түседі...

Бұл нағыз интернационал әулет. Марифат Азизова қазір осы үйдің үлкені. Ақжаулықты ана үш ұл мен екі қызды тәрбиелеп жеткізген. Бүгінде қазақтан келін алып тамыр жайған.

Марифат Азизова, «Мерейлі отбасы» байқауының үміткері:

- Ең керектісі осы балалар бір-біріне деген мейірімді болу керек. Ел жұрт алдында беделді болу үшін оқып, білім алу керек. Одан кейін бейнеттен қашпаңдар дейміз...

Балалардың бірі қан орталығында директор, енді бірі Нұр-Сұлтан мен Тараз қалаларында жеке медициналық клиника ашып елге қызмет етіп келеді. Адам денсаулығын жақсартуды басты парыз санайтын отбасы мыңдаған науқастың дертінен жазылып, сауығып кетуіне үлес қосып келеді.

Гафур Умаров, медициналық орталықтың директоры:

- Тәрибе берді. Оқытты бізді. Уақыт келеді қызмет етесің деп. Әркім өз саласында бауырларымның бәрі біреуі педиатр, біреуі лор, біреуі хирург, кардиолог. Мұның бәрі сол ауызбіршіліктің арқасында. Әке-шешеміздің тәрбиесінің арқасында.

Ғұлам Умаров, дәрігер-хирург:

- Өзім өзбек болсам, жұбайым қазақ. Албанның қызы. Бәріміздің бала-шағамыз келешекте қазақ тілін білуі керек. Сонда балаларымыздың болашағы мол деп ойлаймыз. Осындай традицияда тәрбиелейміз. Ұлтына қарамай тәрбиелесе, мемлекеттің жоспарында тұрған стратегиялық жоспарларға жетеміз...

Дәрігерлер династиясы қайырымдылық көмекпен тұрақты айналысады. Одан бөлек қоғамдық акцияларға қатысып, балаларға спорт алаңшаларын салып берген. Өнегелі әулет биыл «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыс бойынша үздік шықты.

Мұқаш Ескендіров, Қазақстанның Еңбек ері:

- Конкурсқа қатысқанның өзі үлкен мәртебе деп ойлаймын. Сондықтан осындай отбасылар елімізде көп бола берсін. Егер елімізде осындай отбасылардан үлгі алып, барлығымыз ұл-қыздарымызды, немерелерімізді осылай тәрбиелейтін болсақ, бұл біздің елімізді одан әрі көркейе береді деп ойлаймын.

Дәулет Кәрібек, облыс әкімінің орынбасары:

- Бай, қуатты мемлекет болу үшін отбасының бақытты болуына жағдай жасау керек. Және сондай отбасыларды насихаттай отырып, өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызды сақтаймыз деп сенеміз...

«Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға жамбылдық отбасылардың белсенділігі жоғары. Жоба басталғалы аймақтан 2100 әулет құжат өткізіп, байқауға қатысуға ниет білдірген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә