АҚШ-та коронавирусқа шалдыққан балалар саны артып барады

АҚШ-та коронавирус індетіне шалдыққан балалардың саны күн өткен сайын артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің айтуынша, жағдайдың ушығуына вирустың «Дельта» штамының кең етек жаюы себеп. Айтуынша, өзге штамдарға қарағанда індеттің бұл түрімен көбінесе балалар ауырып жатыр. Пандемия бастағалы балалар ауруханаларында науқас бүлдіршіндердің саны алғаш рет көбейіп кеткен. Әсіресе, Техас пен Флоридадағы ахуал күрделі. Бұл өңірлерде жақын арада оқу жылы басталуы тиіс. Мамандар балалардың екпе алуы мен мектептердегі барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек деп дабыл қағып отыр.

Айта кетейік, соңғы 3 күн қатарымен елде 100 мыңға жуық науқас тіркелді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 35%-ке көп. Ал, ауруханаға түскен дімкәс жандардың қатары 40%-ке өссе, өлім көрсеткіші 18%-ке артқан. Ауру әсіресе, Луизиана, Флорида мен Арканзаста ушығып барады.