Пандемия салдарынан миллиондаған америкалық баспанасыз қалуы мүмкін

COVID-19 пандемиясы әлемдік жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, қолжетімді бюджеттік үйлерге деген сұраныс артты. «Ал сұраныстың артуы бағаның өсуіне әкеліп соқты», - дейді мамандар. Бір ғана АҚШ-ты алыңыз. Бүгінде миллиондаған америкалық қарызға батып, далада қалудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені жалға алған үйлерін төлеуге мүмкіндігі жоқ.

АҚШ халқының 110 миллионы жалдамалы пәтерде тұрса, соның 14 миллионы жалдау ақысын төлей аламай қарызға батып отыр. Пандемия салдарынан табысынан қағылған олар алдағы уақытта көшеде қаламыз ба деп қорқады.

Митчел Рейнолдс, қала тұрғыны:

- Маған үйді босатыңыз деген ескерту келді. Ал менің барар жерім жоқ және не істерімді білмеймін. Амал нешік, енді бала-шағаммен ескі көлікте өмір сүретін шығармыз.

«Жылжымайтын мүлік иелері жалға алушыларды сотқа беріп, үйді босатуды талап еткенмен берешегі барларды күштеп көшіру бірнеше айға созылуы мүмкін», - дейді мамандар. Үш жылдан бері АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығында еңбек етіп келетін қандасымыз Ұланбатырдың айтуынша, АҚШ-та жалға алушылардың құқығы айтарлықтай қорғалған. Ол Нью-Йорк штатының заңы бойынша тұрғындарды бірден шығарып жіберуге келмейтінін айтады. Өйткені басым бөлігі шын мәнінде мұқтаж жандар. Осы орайда Президент Байден үйінің ақшасын төлей алмай отырған америкалықтарды далаға шығарудан қорғайтын мораторийді тағы да екі айға созу керектігін мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Біз мемлекет қазынасынан млрд-таған қаржыны штаттарға үлестіріп береміз. Және сол қаражат жалға алушылардың шығынын төлеуге жұмсалуы керек. Және жылжымайтын мүлік иелеріне жетуі тиіс.

Алайда мұнымен мәселе шешілмейді. Өйткені баспана тапшылығы мен бюджеттік үйлерге деген сұраныстың артуы бағаның өсуіне әкеп соқты. Мәселен өткен жылмен салыстырғанда пәтер бағасы 19%-ке дейін өскен.

Блиц:

- Қазір пәтер шарықтап кетті. Қаладан үй жалдап тұру мүмкін емес. Қарапайым халыққа қиын болды.

Жалпы Нью-Йорк қаласындағы тұрғындардың 64%-ке жалдамалы пәтерде тұрады. Олардың 19%-і екі немесе одан да көп айдан бері жалға алған үйдің құнын төлей алмай келеді екен.

Авторы: Талғат Алманов