Францияда жалған санитарлық төлқұжат жасатқандар алты айға сотталуы мүмкін

Пандемия киберқылмыстың артуына себеп болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе әсіресе, Еуропа елдерінде өршіп тұр. Қазір Франция мен Италияда вакциналау төлқұжатынсыз қоғамдық орындарға кіргізбейді. Сондықтан вакцина салдырудан гөрі басын қауіпке тігіп, жалған құжат сатып алуды жөн көретіндер көбейген. Тиісті сертификатты электрондық поштамен жіберетін Telegram-каналдар бар. Оларға мыңдаған адам жазылған екен.

Франция халқы 9 тамыздан бастап вакцина салдырғанын растайтын санитарлық төлқұжатсыз қоғамдық орындардың көбіне кіре алмайды. Тіпті автобус пен метроға да мінбейді. Мәселен, мейрамханада екпе салдырмаған азаматқа қызмет көрсетілгені белгілі болса, мекеме басшысы бір мың еуро айыппұл төлеп, лицензиясынан айырылуы мүмкін. Сондықтан санитарлық төлқұжатты қолдан жасату оқиғалары жиілеген. Тіпті заңға жаңа қылмыс түрін енгізуге тура келген. Жалған құжат жасатқан адам үшін айыппұл 135 еуродан басталады. Егер бұл жағдай үш мәрте қайталанса, азаматтар 750 еуро төлеп, жарты жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Темір торға тоғытылу қаупіне қарамастан, азаматтарды заңды бұзуға не итермелейді деген сұрақ туындайды. Мамандар бұл жөнінде былай дейді.

Одед Вануну, Check Point компаниясының өкілі:

- Жалған құжаттарды ең алдымен вакциналауға қарсы адамдар жасатады. Ондай азаматтардың арасында препараттың әзірге тек бір дозасын ғана алып үлгергендер болуы мүмкін. Оның үстіне әлемде әлі күнге дейін екпе жетіспей жатқан елдер барын ұмытпау керек.

Италияда да жуырда вакциналаудың «жасыл» куәліктері енгізілді. Оларсыз қоғамдық орындарға кіру мүмкін емес. Апеннин түбегінде де жалған құжат жасайтындар көбейген. Жуырда полицейлер қылмыстық топтың жолын кесті. Олар куәліктерді Telegram желісі арқылы сатқан. Қаскөйлер ПТР-тесттің теріс нәтижесін және антиденелердің бар екенін растайтын жалған құжаттар ұсынған. Ол үшін 160 еуро сұрапты. Бұл теңгеге шаққанда 80 мың. Соңғы уақытта тәртіп сақшылары осындай 30-дан аса телеграм каналды бұғаттаған.

Ивано Габриелли, полиция офицері:

- Сұраныс бар жерде ұсыныс бар, өкінішке қарай, ондай Telegram-каналдарға мыңдаған итальяндық жазылып, қызығушылық танытқан. Қаскүнемдер жалған құжаттар жасау қызметі үшін 150 еуродан 500 еуроға дейін сұраған.

Жалған куәлік жасату оқиғалары жиілеп кеткесін билік мекеме басшыларын тиісті құжатты арнайы қосымша арқылы сканерлеуге міндеттеді. Алайда оны тексеріп отыратын қосымша қызметкерді жалдау керек. Бұған бірінің ақшасы жетсе, енді басқаларының қалтасы көтермейді.

Ресейде де жалған құжат жасайтындар көп. Міндетті вакциналау енгізілгеннен кейін ондай оқиғалар саны 50%-ке артқан. Өткен айдың өзінде 300-ге жуық ұйым анықталды. Барлығы жалған құжат жасату қызметін интернет арқылы ұсынған. Қаскүнемдер ол үшін 2500 рубльден 7 мың рубльге дейін сұраған. Мамандар тұрғындарды мұндай әрекеттен аулақ болуға шақырады. Және ол үшін тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін еске салады. Жақында Шешенстанда құқық қорғаушылар жалған вакциналау сертификатын жасатқан тұрғындарға ерекше «жаза» қолданған. Олар тапсырыс берген әр тұрғынды тауып алып, вакцина салдыруға мәжбүрлеген.

Сондай-ақ...