Алжирде өрттен 65 адам қаза тапты

Алжирдің солтүстігінде өршіп тұрған орман өртінен қаза тапқандардың саны 65-ке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марқұмдардың 28-і – әскерилер. Олар апат орнына өрт сөндіру үшін тартылған болатын.

Тизи-Узу ауданында қызыл жалын тұрғын үйлерге жақындап қалды. Жергілікті халық отты өшіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Тұрғындар баспаналарын тастап кетуге мәжбүр. Тілсіз жау бірнеше ғимараттарды күлге айналдырды. Билік өкілдері өрттің қасақана ұйымдастырылғанына сенімді. Тергеу ісі бойынша бірнеше күдікті қолға түсті. Ал ел президенті апаттан қаза тапқандардың құрметіне алдағы 3 күнді қаралы күн деп жариялады. Өртті ауыздықтау үшін аймақтағы аптап ыстық пен қатты жел кедергі келтіруде. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Айтуынша, Солтүстік Африка өңірінде 46 градус температура аптаның соңына дейін сақталуы мүмкін.

жергілікті тұрғын:

– Өртті барынша бақылауға алуға тырысып жатырмыз. Алайда оның таралуын тоқтата алмай отырмыз. Жалын елді мекенге жақындап қалды. Қазір зәйтүн ағаштары отқа оранды. Бұл жер біздің ауылдан алыс емес.