Ауғанстанда тәліптер екі қаланы басып алды

Ауғанстанда тәліптер стратегиялық маңызды Герат пен Газни қаласын басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газни ел астанасынан 150 шақырым жерде орналасқан. Герат көлемі жағынан үшінші орындағы қала. Осылайша, «Талибан» қозғалысы небәрі бір аптада Ауғанстандағы 34 провинцияның 12-сін өз бақылауына алып отыр. Аймақта орын алған жағдайға байланысты АҚШ аймақта қалған америкалықтардың санын қысқартып жатыр. Алайда Құрама штаттары Ауғанстандағы елшілік өз жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеп отыр.

Нед Прайс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

- Бұл – эвакуация немесе әскер санын жаппай қысқарту емес. Бұл – аймақта өз азаматтарымыздың санын азайту. Қызметін АҚШ-та да отырып атқара алатын мамандарымыздың санын қысқартамыз. Яғни, енді Ауғанстан жеріндегі дипломатиялық қатысуымыз міндетті емес. Бұны жергілікті билік, тәліптер, халықаралық одақтастырымыз түсіну керек. Алдағы уақытта да ауған халқымен байланысымызды үзбейміз.

Таяуда Ақ үй басшысы, Ауғанстанға арнайы рейс пен америкалық әскерді жіберу туралы құжатқа қол қойды. Оған сәйкес үш мыңға жуық жасақ Кабулдегі халықаралық әуежайға жөнелтіледі. Олар аймақтағы дипломатиялық өкілдерді еліне қайтару үшін барғалы отыр.

Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерін әкете бастаған кезден ушықты. Кейбір дерек көздері бойынша тәліптер ел аумағының 65%-ін жаулап алған.

Сондай-ақ...