Якутиядағы орман өртінен тұрғындар жарықсыз қалды

Якутияның орталық аймақтарында өрт электр желілерін үзіп, тұрғындар жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ел бойынша бүгінге дейін 1 миллион 600 мың гектар алқап отқа оранған. Алапат өрттен таралған көк түтін Республика астанасы Якутскіге де жетті. Қала тұрғындары тыныс алудың қиындағанын және түрлі аурулардың асқынып жатқанын алға тартады.

Виталий Немцов, Якутияның төтенше жағдай вице-министрі:

- Әрине, басты мақсатымыз – елді мекендерді орман өртінен қорғау. Бүкіл күш осыған бағытталып жатыр.

Грекиядағы орман өрті соңғы 30 жылдағы ең ірі экологиялық апатқа айналды. Премьер-министрі осылай деп мәлімдеді. Ресми Афина сырттан көмек сұрауға мәжбүр болған. Бұл елде күніне 100 от ошағы тіркелген. Үкімет басшысы алдағы уақытта жағдай бұдан да қатты ушығуы мүмкін деп ескертті. Ол табиғи апаттарға қарсы күресті жандандыру үшін кез келген өзгерісті жасауға дайын екенін жеткізді.