АҚШ Ауғанстанға 3 мыңға жуық сарбазын жібереді

Бүгін Талибан қозғалысы Кандагар қаласын басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Ауғанстан үкіметі растады. Сарапшылардың пайымдауынша, көп ұзамай ел астанасы Кабул да Талибанның бақылауына өтуі мүмкін. 

Ауғанстандағы ахуал барған сайын қиындап барады. Елдің әр аймағы күн сайын соғыс ошағына айналды. Қарқыны қатты тәліптер талай шаһарды тас талқан етіп, өз бақылауына алып жатыр. Бүкіл елді басып алмайынша тоқтайтын түрі де, ойы да жоқ. Жоспарын жүзеге асыру жолында бүгін кезекті рет жорыққа шығып, Кандагарды өзіне қаратып алды. Сөйтіп амалы қалмаған тұрғындар бас сауғалап, қаладан қаша бастады.

Талибанның бет алысына қазір бүкіл әлем алаңдаушылықпен қарап отыр. Тіпті ауған жерінен әскерін әкеткен АҚШ-та. Өйткені қозғалыс мүшелері ел астанасы Кабулға жақындап қалған. Осыған байланысты таяуда Ақ үй басшысы Ауғанстанға әскер жіберу туралы құжатқа қол қойды. Енді үш мыңдай сарбаздан тұратын жасақ Кабул әуежайына жөнелтіледі. Олар аймақтағы дипломаттарды елге қайтарумен айналысады. 

Нед Прайс, АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

– Бұл эвакуация емес. Бұл – аймақтағы өз азаматтарымыздың санын азайту. Біз әрі қарай да дипломатиялық байланысты жалғастыра береміз. Жергілікті билік, тәліптер, халықаралық одақтастырымыз мұны түсінуі керек.

Жалпы Кандагардан бөлек, қазір тәліптердің қарауында стратегиялық маңызы бар Герат пен Газни қалалары да бар. Соның бірі ел астанасынан 150-ақ шақырым жерде орналасқан. Тәліптер қазір Кабулдың қақпасын қағып тұр. Бір өкініштісі, қарулы қақтығыстардан қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. ЮНИСЕФ дерегі бойынша бүгінде 18 миллион ауған көмекке мұқтаж. 400 мыңдай тұрғын үйін тастап, бас сауғалап кеткен. Соның жартысы балалар екен.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ баспасөз хатшысы:

– Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Ауғанстандағы ахуалды жіті бақылап отыр. Әсіресе әскери қақтығыстың қала ішіне ойысқанына қатты алаң. Біз оқ астында қалған бейбіт тұрғындардың қайғы-қасіретіне бей-жай қарап отыра алмаймыз. Осы ретте Дохадағы келіссөздер шиеленісті бейбіт жолмен шешуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Қазір Катар астанасында ауған жеріндегі ахуалды реттеу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Оған Ауғанстан үкіметі мен Талибан мүшелері және өзге елдердің өкілдері қатысты.