426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Болашақта су тасқыны мен аптап ыстық жиілейді – ғалымдар

  • 228
  • UPD: 20:23, 13.08.2021

Осы аптада БҰҰ өкілдері климаттың өзгеруіне қатысты баяндамасын жария еткен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар болашақта су тасқыны мен аптап ыстық жиілей түсетінін айтады. Мұны Қытай сарапшылары да растап отыр. Қазір көрші елдің Хэнань провинциясын алапат су тасқыны әлекке салды. Орман өртінен кейін есін жиып жатқан түрік халқына да оңай соқпады. Елдің солтүстік өңірлерін су басты. Табиғи апат зардабын Африка елдері де тартып жатыр.

Қытайда жазда нөсер жауып, су тасқынына ұласып жатады. Алайда соңғы уақытта табиғи апат жиілей түскен. Сарапшылар бұл климаттың өзгеруінің салдары болуы мүмкін екенін айтады. Тасқын бұған дейін Хэнань провинциясының халқын әлекке салса, енді аймақтағы Хубэй провинциясы да зардап шекті. Мұнда қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды. 20-дан аса адам көз жұмған. 4 мыңға жуық үйге нұқсан келді. Мыңдаған гектар егіс алқабын су басты. Зақымдалған көлікте есеп жоқ. Мыңдаған адам үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Судың көптігіне байланысты құтқарушылар қайықпен эвакуациялауға мәжбүр. Мамандар жаңбыр келесі аптаға дейін жауатынын айтады 

3 миллион адам эвакуацияланады

Жапонияда су тасқынына байланысты қауіптіліктің ең жоғары деңгейі жарияланды. Кей жерлерде лай көшкіні жүрген. Опат болғандар мен із-түзсіз жоғалып кеткендер бар. Күншығыс елінде аптаның басынан бері жаңбыр толастамай тұр. Мамандар рекордтық мөлшері жауғанын айтады. Жаңбыр әлі бір апта жауатынын болжап отыр. Лай көшкі жүру қаупі бар. Сондықтан билік 3 миллион адамды эвакуациялайды.

Рюта Курора, метеорологиялық агенттік қызметкері:

– Өздеріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне сақ болыңыздар. Эвакуация туралы ақпаратты жіберіп алмаңыздар. Мұқият болыңыздар!

Тұрғындар көмекті шатырға шығып күтуге мәжбүр

Бұған дейін алапат орман өртінен зардап шеккен түрік халқын енді су тасқыны әбігерге салды. Ондаған адам көз жұмған. Елдің солтүстігінде 300 елді мекен жарықсыз отыр. Президент Режеп Тайып Ердоған жапа шеккен өңірлерге аттанды. Тұрғындар көмекті үйдің шатырына шығып күтуге мәжбүр. Мамандар оларды тура сол жерден тікұшақпен эвакуациялап жатыр.  

Фатих Дөнмез, Түркия энергетика және табиғи ресурстар министрі:

– 38 мың 326 үйде электр энергиясы ажыратылды. Мыңнан астам трансформатор зақымданды. Тағы бір бөлігі қауіпсіздік мақсатында өшірілді. Казір калпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Елдің экономикалық астанасын су басты

Африкада да ұқсас жағдай. Камерунда елдегі ең ірі шаһар әрі мемлекеттің экономикалық астанасы саналатын Дуаланы су басты. Қала көшелеріндегі суағарлар жиналып қалған суды өткізіп үлгермей жатыр. Салдарынан жолда көлік қозғалысы қиындаған. Жүздеген үйдің бірінші қабатын су басқан. Камерунда қазір жаңбыр маусымы жүріп жатыр. Ол наурыздан қазанға дейін жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы