Түркияда сел апатынан қаза тапқандар саны 59-ға жетті

Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі жалғаса береді және бұл Түркияда қалыпты жағдайға айналады. Түрік Парламентінің климат жөніндегі есебі осындай. Парламенттің есебі соңғы уақытта елде жиілеп кеткен жер сілкінісі, орман өрті мен селге байланысты жарияланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол апаттардың бірі Қаратеңіз аймағында су тасқыны кезінде опат болғандардың саны 59-ға жетті. Тағы 77 тұрғын жоғалып кеткен. Аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары күні- түні жүріп жатыр. Мамандардың пікірінше, су шайып кеткен аймақтарда қала құрылысы әуел баста дұрыс жүргізілмеген.

Айта кетейік, Кастамону провинциясы Инеболы ауданының бас прокуроры селден қираған тұрғын үйді салған мердігердің ұсталғанын хабарлады. Ал ел президенті Режеп Тайып Ердоған Кастамону, Синоп және Бартын провинцияларын «апат аймағы» деп жариялады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Табиғи апаттар біздің елде ғана болып жатқан жоқ. Мұндай жағдай әлемнің бірқатар мемлекетінде бар. АҚШ, Канада мен Германия да табиғи апаттармен күресіп жатыр. Біздің мақсатымыз – апаттың зардабын азайту. Еліміздің оңтүстігіндегі ормандардан өрт шықты, мұндай апат бұрын-соңды болмаған еді. Қара теңіздің шығысында не болғанын жақсы білесіздір. Шығыс Қара теңізде селдің салдарымен күрестік.