Талибан 1,5 жыл бойы ауған әскерилерімен жасырын келіссөздер жүргізген

Қазір Кабулдың өз басында дүрбелең туып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәліптер Ауғанстан астанасын тез басып алғаны соншалық, билік те, жергілікті тұрғындар да абдырап қалды. Кабул әуежайында халық ығы-жығы. Елден қашып шығуға әрекеттенгендер көп. Тіпті біраз адам әуе кемесінің шассиіне жармасып, ұшып кетпек болған. Алайда ұшақ көкке көтеріліп, шасси жабылғанда адамдар төмен қарай құлап, опат болды. Өзге мемлекеттер де шұғыл түрде өз азаматтарын эвакуациялап жатыр.

Елден кескісі келетіндерге мүмкіндік беру керек. Әлемнің 70-тен аса мемлекеті Ауғанстан басшылығын осыған шақырды. Ортақ мәлімдемеде жолдар, шекарадағы бекеттер мен әуежайлар ашық болу керектігі жайлы айтылған. Мынау ел астанасы Кабулда түсірілген кадрлар. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, жұрт әуежайға асығып, салдарынан кептеліс пайда болған. Енді кейбіреулер қаладан 5 шақырым жерде орналасқан әуе айлағына жаяу аттаныпты. Желіде әуежайдағы кептелістің бейнежазбасы тарап жатыр. Ұшаққа мінуге асыққан жұрттың айқайымен қатар онда атыс дауыстары да естіледі. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, 5 адам көз жұмған. Алайда олардың нақты неден қайтыс болғаны белгісіз. Бұған қыспақ та себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Америкалықтардың ұшағына мініп үлгеремін деген бірнеше адам әуе кемесі көкке көтерілгенде одан құлап кеткен.

Тәліптер бейбіт тұрғындардың қаруын жинап жатыр

Тәліптер жергілікті жұрттың алаңдауына негіз жоқ дейді. Рейтер агенттігі олардың қазір Кабулдағы бейбіт тұрғындардың қаруын жинап жатқанын хабарлайды. Өйткені Талибан өкілдерінің айтуынша, халық енді қауіпсіздігі үшін алаңдамауға тиіс. Қозғалыстың ресми өкілі Мұхаммад Наим да Әл-Жазира телеарнасына берген сұхбатында тәліптер Ауғанстандағы жергілікті тұрғындар мен шетелдітердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін және көрші елдердің ішкі істеріне араласпай, басқа мемлекеттермен тату-тәтті өмір сүргісі келетінін жеткізді. 

Әли, Талибан қозғалысының өкілі:

– Отандарстарымыз ештеңеден қорықпауы керек. Өйткені енді біз Кабулға кіріп, бәрін бақылауға алдық. Тұрғындар 2-3 күн кешкі 9-дан кейін тысқа шықпауға тиіс. Бұл тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін қажет шара.

Вахидулла Кадири, Кабул тұрғыны:

– Біз қаншама жылдан бері соғыстан көз ашпай келеміз. Атыс-шабыс пен қақтығыстан басқа не көрдік? Мен туған екі бауырымнан айырылдым. Сондықтан біз бейбітшілікті қалаймыз.

Жалпы америкалық әскерилердің пайымдауынша, тәліптерге Кабулды басып алу үшін 2-3 ай қажет болған. Алайда шындығында бұл болжам расталмай, қозғалыс мүшелері қысқа ғана уақыт ішінде бас қаланы өз бақылауына алды. «Вашингтон пост» басылымының хабарлауынша, тәліптер 2020 жылдың басынан бері Ауғанстанның қауіпсіздік күштерімен жасырын түрде келісіп, олардың қару-жарағын сатып алумен айналысқан. Қозғалыс мүшелерінің тез арада бақылау орнатуының бір себебі де осымен байланысты болуы мүмкін. Негізі қазір Кабул көшелерінде Талибан қозғалысының туын желбіретіп, мұздай қаруланған тәліптердің көлікпен жүргенін көруге болады. Ал «Аль-Жазира» телеарнасы тәліптердің қаладағы президент сарайына кірген кадрларын жария етті. Онда қолында қаруы бар 10-нан аса адамның ғимарат ішінде жүріп, президенттің кабинетіндегі үстелде отырғаны көрсетілген.

Ауғанстандағы жағдай көші-қон мәселесіне әсер етеді

Бірқатар мемлекет Ауғанстандағы дипломатиялық миссияларын уақытша жауып, өз азаматтарын эвакуациялап жатыр. Енді кей елдер бас сауғалаған босқындарды қабылдауға әзір екенін жеткізді. Олардың қатарында Албания, Солтүстік Македония мен Канада бар. WhatsApp мессенджерінде Қазақстан да кірмелерді Түркістан облысына орналастырады деген ақпар тараған. Алайда еліміздің сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды. Негізі соңғы жағдайдан кейін әлемде көші-қон мәселесі өрши түсетіні белгілі. Екі күннен кейін Еуроодақтың ішкі істер министрлері бас қосып, осы мәселені талқылауы керек. Өйткені қазіргі ережелер бойынша одақта кейбір кірмелерді келген еліне кері депортациялауға болады. Босқынның басқа елде қалуы үшін отаны қауіпті деп танылу қажет. Ол тізімге Ауғанстанды да қосқаннан кейін одан қашқан мигранттарды кері қайтаруға тыйым салынатын болады. Ұлыбритания билігі күніне шамамен бір жарым мың адамды эвакуациялайтынын жеткізді. Сондай-ақ тәліптермен күрес жүргізу үшін өз әскерін Ауғанстанға кері қайтармайтынын да мәлімдеді. 

Бен Уоллес, Ұлыбританияның қорғаныс министрі:

– Қазір тәліптер бүкіл елді өз бақылауында ұстап тұрғанын мойындаймын. Мұны түсіну үшін саясаттанушы болудың керегі жоқ. Бірақ мен қорғаныс министрі ретінде Ұлыбритания азаматтарын қорғап жатқанымызға сенімді болуым қажет. Бұл ауғандарға да қатысты. Себебі олардың алдында міндеттемелеріміз бар.