А.Гутерриш: Ауғанстан лаңкестік ұйымдардың мекеніне айналмауы керек

Халықаралық қауымдастық Ауғанстанның лаңкестік ұйымдардың мекеніне айналамауына күш салуы керек. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осы елге қатысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйым басшысы «Талибан» мен барлық тараптарды халықаралық құқықты сақтап, гуманитарлық ұйымдардың еш кедергісіз қатынауын қамтамасыз етуді сұрады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Халықаралық қауымдастық Ауғанстан лаңкестік ұйымдар паналайтын мекенге айналмауы үшін күш салуы керек. Мен бұл істе әлем елдерін бірігіп әрекет етуге шақырамын және Ауғанстандағы лаңкестік қауіпті жойып, адам құқықтарын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Ал Ауғанстанның БҰҰ-дағы өкілі Гулам Исакзай елді күштеп басып алған тәліптер билігін мойындамауға шақырды. Оның айтуынша, тәліптер уәделерін бұзып, Кабулда тізіммен адамдарды іздей бастаған. Салдарынан халықты үрей билеген дейді.