Жапонияда төтенше жағдай мерзімі ұзартылды

Жапонияда коронавирустың кеңінен тарап кетуіне байланысты Токио мен тағы бірқатар қалада төтенше жағдай мерзімі 12 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек 16 префектурада ковид-19-ға қарсы шаралар күшейтілген. Себебі елде өткен аптаның соңына таман вирусты жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 20 мыңнан асқан. Ал Токиода 6 мыңға жуық адам дертке шалдыққан. Токио губернаторы қала тұрғындарын өзге өңірлерге сапар шекпеуге шақырды. Ал сарапшылар елде науқастар санының артуын жазғы демалыс және халықты егудің баяу жүруімен түсіндіріп отыр. Күншығыс елінде қазірге дейін коронавирусқа қарсы халықтың 36 проценті ғана егілген.

Катсухиде Нагаматсу, тұрғын:

– Шынымды айтсам, егер төтенше жағдай тәртібі бұрынғыдай болса, одан пайда аз. Сондықтан індетпен күрес тиімді болуы үшін қазіргі шараларды өзгерту керек деп ойлаймын.