425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Грузияда коронавирустан әр сағат сайын екі адам көз жұмады

  • 106
  • UPD: 19:28, 17.08.2021

Грузияда вакциналау қарқыны үдей түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда екпенің екі компонентін алғандар саны әлі де төмен. Толық вакциналанғандар үлесі 10%-ке де жетпейді. Елдегі эпидахуал күрделі: күн сайын бес мыңнан аса науқас анықталып жатыр. Қазір Грузия коронавирустың таралуы бойынша әлемде бірінші орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша төртінші. Әр сағат сайын елде бұл дерттен орташа есеппен екі адам көз жұмады. Үкімет санитарлық шектеулерді қайта енгізді.

Тбилиси орталығындағы техникалық университетте вакциналау орталығы ашылды. Мұнда кез келген адам кезекке тұрып, екпе салдыра алады. Бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жазылып қана вакцина алуға болатын. Алайда бұл бәріне қолайлы емес екені анықталды. Енді осындай орталықтар бүкіл ел аумағында ашылады. Жалпы елде вакциналау қарқыны үдей түсті, күн сайын 30 мыңдай адам екпе қабылдайды.

Важа Размадзе, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Кейде интернетте жазылып кезек алу ыңғайсыз, белгілеген күнін ұзақ күтесің. Ал мұнда бос уақытыңда келіп, екпе салдыруға болады.

Гига Адеишвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Біз жазылдық, бірақ өкінішке қарай әлі де бір апта күту керек. Сондықтан кезекте тұрып, вакцина алуды шештік. Бір апта күткенше бүгін екпе салдырған жақсы. Теледидардан күн сайын ауру жұқтырған адамдарды естіп, зәреміз ұшты.

Қазір халықтың 6,5%-і ғана вакцинаның толық компонентін алған. 20%-інен астамы бір ғана екпе салдырған. Грузияда жаппай вакциналау шілденің бесінде басталды. Алайда басында вакцина дер кезінде жеткізілген жоқ, содан кейін екпе алуға бірден көп адам жазыла бастағандықтан, Денсаулық сақтау министрлігінің сайты істен шықты. «Қызыл аймаққа» енген Грузия коронавирустың таралуы бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ауруханалар науқасқа толып, Тбилисиде дала госпиталі ашыла бастады.

Екатерина Тикарадзе, Грузия денсаулық сақтау министрі:

- Дала госпиталі 500 науқас қабылдай алады. Төсек-орындарының көбісі оттегімен жабдықталады. Оттегімен қамтамасыз ететін 5 тонналық екі цистерна орнатылған.

Эпидемиологтардың болжауынша, науқастар саны әлі де өседі. Үкімет қайта шектеулерді енгізуге мәжбүр болды. 14 тамыздан 4 қыркүйекке дейін қоғамдық көлік қатынамайды, кафе және мейрамханалар сағат кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Фестиваль, концерт пен спорттық шаралар өткізуге тыйым салынып, мемлекеттік қызметкерлер қашықтан жұмыс істейтін болды.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы